Әуезов театры Қырғызстанға гастрольдік іс-сапармен аттанбақ

23:40, 26 қараша 2024

© Фото: zakon.kz

2024 жылдың 4-7 желтоқсан аралығында Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры Қырғыз еліне гастрольдік іс-сапармен аттанбақ, деп хабарлайды Zakon.kz.

2026 жылы қазақ өнерінің қарашаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ғасырлық той қарсаңындағы салтанатты гастрольдік сапарын жер жәннәты Жетісу облысынан бастаған өнер ұжымы Өзбекстан, Қарақалпақстан елдерін аралап, желтоқсанның 4-7 аралығында бауырлас қырғыз елінің бас шаһары Бішкек қаласына ат басын тіреп, Т. Абдумомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының сахнасында өнер көрсетеді.

Гастрольдік бағдарлама бойынша шоқтығы биік, қазақ және әлемдік драматургия жауһарлары "Қыз Жібек", "Қоштасқым келмейді", "Қорқыттың көрі", "Мәңгілік бала бейне" сынды спектакльдер көрермен назарына ұсынылады.

Бұл қойылымдарда өзіндік қолтаңбасымен көрерменді тәнті етіп жүрген бірқатар өнер иелері Қазақстанның Халық әртісі Дулыға Ақмолда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Асқарова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жалғас Толғанбай, Мәдениет саласының үздігі Күнсұлу Шаяхметова, Қазақстан Жастар одағы "Серпер" жастар сыйлығының иегері Салтанат Бақаева, Қазақстан Жастар одағы "Серпер" жастар сыйлығының иегері Зарина Кармен, Асан Мәжит сынды театр артистері өнер көрсетеді.

Гастрольдік сапар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.

4 желтоқсан 18.30-да Ғ. Мүсірепов "Қыз Жібек" спектаклі /музыкалық драма/ 2 сағат

5 желтоқсан 18.30-да А. Володин "Қоштасқым келмейді" /драма/ 1 сағат 40 мин

6 желтоқсан 18.30-да И. Ғайып "Қорқыттың көрі" /драма/ 2 сағат

7 желтоқсан 18.30-да Р. Мұқанова "Мәңгілік бала бейне" /трагедия/ 2 сағат

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!