Өскеменде «Туған жер» форумы басталады

13:10, 19 қазан 2017

Бірер сағаттан кейін Өскеменде «Туған жер» форумы басталады. Оған осы өңірде туып өскен белгілі тұлғалар мен меценаттар жиналып жатыр. Әрқайсысы туған өлкенің өсіп өркендеуіне үлес қосып, әлеуметтік жобаларға қаржылай қолдау көрсетуге ниетті.

Олжас Керейхан, тілші:

-Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бірнеше бағыт бойынша жүзеге асып жатыр. Ол үшін өңірде алдағы 5 жылға арналған кешенді бағдарлама қабылданып, оған 61 жоба енді. Бұл жобаларды жүзеге асыруда неігізгі басымдық ұлттық мәдениет пен әдебиет және тарих тағылымын зерделеуге беріліп отыр. 

Ал «Туған жер» бағдарламасы бойынша «Менің мектебім», «Білікті маман» деген атаумен ірі екі жоба іске аспақ. Игі бастамаларды жүзеге асыруда әрбір ауыл, аудан және қаладан шыққан ірі бизнесмендер мен кәсіпкерлер белсенділік танытуда. Тек бүгінге дейін өңірдегі кәсіпкерлер әлеуметтік саланы әлдендіру мақсатында 21 миллиард теңге аударып үлгерген. Бұл қаржыға аурухана, мектеп және мәдениет үйлері жөнделіп, қажетті құралдармен жабдықталды. Ал бірқатар кәсіпкерлер алыс аудандарда өз қаражатына балабақша салып, бөбектерді тәрбилеп, жергілікті  тұрғындарға жұмыс беріп отыр. Сондай балабақшаның бірін зайсандық кәсіпкер Бақытгүл Баймұханбетова Қаратал ауылында ашты. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысында қолға алған ісі туралы Бақытгүл Зайнолдақызының өзінен білсек.

Бақытгүл Баймұханбетова,кәсіпкер:

Жалпы кәсіпкерлікті 1994 жылы бастадық. Әр түрлі салада істедік. Кейін жеке ісіміз жолға қойылған соң ауылда балабақша ашуды ойладық. Сөйтіп жүргенде мемлекеттің «Балапан» бағдарламасы шықты. Сол бағдарламаға сәйкес жоспарымызды іске асырдық. Қазір балабақшада 100-ден астам бала бар. 10 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ ауылда тұрмысы нашар отбасыларға ақшалай және материалдық тұрғыда үнемі көмектесіп тұрамыз. Енді бүгінгі форумда болашақта қандай жобаларды қолға алатынымызды талқылаймыз.

-Рахмет. Ісіңізге табыс тілеймін.

Ал бүгінгі форумға жалпы 700-ден астам кәсіпкер қатысады деген жоспар бар. Олар облыста түрлі бағыт бойынша жүзеге асатын жобаларға  ат салыспақ. Ал осы өңірден түлеп бүгінде әр салада білікті еңбек етіп жүрген мамандар облыста өз салалары бойынша шеберлік сағаттарын өткізбек. Игі шара туралы біз қорытынды жаңалықтарымызда толық ақпаратпен бөлісетін боламыз.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!