Өскеменде депутат шенеунікке пара бергені үшін 100 млн теңге айыппұл арқалады

20:01, 13 мамыр 2026

© Фото: Zakon.kz

Өскеменде кәсіпкер әрі депутат Дмитрий Сомовқа қатысты сот үкімі шықты. Ол лауазымды тұлғаға пара берді деп айыпталған, деп хабарлайды Zakon.kz.

YK-news.kz басылымының 2026 жылғы 13 мамырдағы мәліметінше, үкім Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жарияланған. Дмитрий Сомов шенеунікке пара берді деген күдікпен ұсталған.

Тергеу мәліметінше, "Востоквзрывпром" ЖШС-нің басшысы өзіне қарасты компаниялардың құрылыс нысандары бойынша төлем алу үшін орындалған жұмыс актілеріне қол қоюды жеделдету мақсатында Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің басшысына 5 млн теңге берген.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмыстық іс кінәні мойындау туралы процестік келісіммен сотқа түскен, яғни сотталушы тағылған айып пен іс бойынша жиналған дәлелдерді дауламаған.

"Сот С.-ны Қылмыстық кодекстің 367-бабы (пара беру) бойынша кінәлі деп танып, оған пара сомасының жиырма еселенген мөлшерінде, яғни 100 млн теңге айыппұл салды. Сонымен қатар оған өмір бойы мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға тыйым салынды", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ үкімде сотталған азаматты III дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденінен айыру туралы Қазақстан Президентіне ұсыныс енгізілгені айтылған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!