Оңтүстік Қазақстанға құрғақшылық қаупі төніп тұр: Министрлік суды пайдалану лимиттерін дайындауда

14:40, 13 қаңтар 2026

© Сурет: pixabay

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2026 жылғы 13 қаңтардағы Үкімет отырысында өзен бассейндеріне су келуінің азаюына байланысты елдің оңтүстік өңірлеріне құрғақшылық қаупі төніп тұрғанын ескертті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Нұржан Нұржігітов сарапшылардың болжамы бойынша алдағы вегетациялық кезеңде Қазақстанның оңтүстік аймақтарының өзен бассейндеріне су келуі азаюы мүмкін екенін жеткізді.

"Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында көршілес мемлекеттер аумағында орналасқан су қоймаларының қазіргі толықтығы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2 млрд м³-ге кем. Оңтүстік аймақтардағы су қоймаларының толықтығы да өткен жылмен салыстырғанда 1,9 млрд м³ аз. Бұл объективті шындық, ол күз-қыс мезгіліндегі жауын-шашынның азаюына, мұздықтан келетін су көлемінің төмендеуіне және климаттық өзгерістердің жалпы әсеріне байланысты. Бұл факторлар ұзақ мерзімді сипатқа ие және бізден жүйелі бейімделуді талап етеді", – деді министр.

Министрдің сөзінше, 2026 жылғы суару маусымына дайындық жұмыстары министрлік тарапынан басталған және осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

"Суару арналары мен гидротехникалық құрылыстарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірлерде аграршылармен су үнемдеудің маңыздылығы және су көп қажет етпейтін дақылдарға көшу қажеттілігі жөнінде түсіндіру кездесулері өтуде. Атап айтқанда, 2025 жылғы желтоқсан айының басында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында көшпелі кеңестер өткізілді. Бұл жиындарда су тұтыну лимиттерін қатаң сақтау және су үнемдеу технологияларына жедел көшу міндетті екені атап өтілді", – деп толықтырды Нұржігітов.

Сонымен қатар ол министрлік 2026 жылғы ақпан айында судың түсуіне қатысты ең пессимистік сценарий бойынша су пайдаланудың нақтылаулы лимиттерін әзірлейтінін, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылғы наурыз айында егіс құрылымын түзететінін айтты.

"Бұл бағыттармен қатар су ресурстарын заңсыз пайдаланумен күрес маңызды болып қала береді. Бас прокуратурамен бірлесіп іс-шаралар жоспары әзірленді. Құжатта су ұрлығы мен заңсыз су пайдалануға қарсы тиімді күрес жүргізу үшін құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың қатысуымен Республикалық ведомствоаралық жұмыс тобын құру көзделген", – деді ол.

Бұған дейін Қазақстандағы су жабдықтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 101 млрд теңгенің қалай бөлінгені туралы жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!