«Өлгенін күткен»: Алматы облысында ер адамды күрекпен ұрып өлтірді
© Фото: Zakon.kz
Алматы облысының Жамбыл ауданында тұрмыстық жанжалдан кейін ауыр жарақат алып көз жұмған ер адамның өліміне қатысты атышулы сот процесі басталғалы жатыр. Марқұмның туыстары істің қазіргі саралануымен мүлде келіспейді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қаза тапқан ер адамның қызы 2026 жылғы 19 мамырда әлеуметтік желіде ашық үндеу жариялап, биыл 23 ақпанда болған қайғылы оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі баяндады.
Оның айтуынша, шабуыл жасаған адам әкесінің мойын тұсына күректің ұшымен әдейі соққы жасап, мойын омыртқасын сындырған, сондай-ақ бел тұсын зақымдаған.
"Сіңлім оқиға орнына жетіп келгенде, әкем әлі тірі еді, қансырап жатқан. Бірақ адам өмірін арашалаудың орнына, күдікті мен оның туыстары оны жарты сағат бойы суық жерде ұстап, "келісіп алайық" деп арсыз ұсыныс жасаған. Олар жедел жәрдем де, полиция да шақырмаған. Тек оның өлгенін күтіп отырған", – деп жазды ол.
Кейін зардап шеккен ер адам Ұзынағаш ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізілген. Алайда қажетті құрал-жабдықтың болмауы және ауыр халде Алматыдағы клиникаға ұзақ тасымалдануы салдарынан оны аман алып қалу мүмкін болмаған, ер адам қайтыс болды.
"Әкемнің мойын омыртқасы сынғанын біз тек сараптамадан кейін білдік. Ең қорқыныштысы – тергеу күдіктіні лайықты жазадан құтқаруға тырысып жатқандай. Қазір оған Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі – "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру" бабы тағылып отыр. Бұл қандай абайсыздық?! Егер адамды күректің ұшымен әдейі мойнынан ұрса – бұл жай жарақаттау емес. Бұл – қасақана өлтіру ниеті! Бел тұсынан ұрып, аяқтан айыру – мүгедектікке әкеледі, ал мойыннан күрекпен ұру – саналы түрде өмірден айыру", – деді марқұмның қызы.
Марқұмның қызы қорғау тарапы сотталушының кәмелетке толмаған баласының барын алға тартып отырғанын да атап өтті. Алайда отбасының пікірінше, бұл жағдай жақынынан айырылған қайғыны да, айыпталушының әрекетін де ақтай алмайды.
"Әкем ешкімге жамандық жасаған жоқ. Оны бүкіл ауыл сыйлайтын. Ал оның өмірін "абайсыздық" деп бағалап отыр ма? Сот процесі 21 мамырда Жамбыл аудандық сотында басталады. Біз кек сұрамаймыз, тек әділдік талап етеміз! Істі "Кісі өлтіру" бабына қайта саралауды талап етеміз", – деп жазды ол.
Алматы облыстық полиция департаменті де тергеу барысына қатысты пікір білдірді.
Ведомство мәліметінше, құқық қорғау органдары барлық процессуалдық әрекеттерді уақытылы әрі толық көлемде жүргізген, ал істегі соңғы шешімді сот қабылдайды.
"Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізді. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті анықталып, қылмыс ізін суытпай ұсталды және сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары қадағалаушы органмен келісіліп, мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды. Соңғы шешімді сот қабылдайды", – деп хабарлады 2026 жылғы 19 мамырда Zakon.kz тілшісіне облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
20:18, 19 мамыр 2026
Түркістанда 1,5 тонна автокөлік дөңгелектерінің қалдығын заңсыз тастаған тұлғалар анықталды
-
19:58, 19 мамыр 2026
Жетісу облысында құмар ойынға әуес шенеунік қызметінен қуылды
-
19:51, 19 мамыр 2026
Клубтағы даулы видео: Алматыда жартылай жалаңаш әртіс бұзақылық жасағаны үшін жазаланды
-
19:31, 19 мамыр 2026
Үстел теннисі: Қазақстан құрамасы Ташкенттегі турнирді бес жүлдемен аяқтады
-
19:03, 19 мамыр 2026
Қарағандыда сұмдық жағдай: оқушы пышақпен баланы қуған





