Нью-Йорк пен Токиоға тікелей әуе рейстері қашан ашылады

14:16, 19 мамыр 2026

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев 2026 жылғы 19 мамырдағы Үкімет отырысында АҚШ пен Жапонияға тікелей әуе рейстерінің ашылу мерзімін жария етті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл сұрақты Премьер-министр Олжас Бектенов көтеріп, Токио мен Нью-Йоркке жаңа тікелей рейстерді ашу бойынша қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрады.

"Токио бағыты бойынша тікелей рейстер 2026 жылдың IV тоқсанында ашылады. АҚШ (Нью-Йорк) бағыты бойынша рейстер 2027 жылдың II тоқсанында іске қосылады. Астанадан қазірдің өзінде 34 халықаралық рейс орындалып жатыр, жыл соңына дейін тағы 5 жаңа бағыт қосылады",- деді министр.

Қазақстан авиациялық әкімшілігі атқарушы директоры Майкл Дэниел АҚШ-қа тікелей рейстер ашу үшін FAA CAT 1 мәртебесін алу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

"2024 жылдың тамызында FAA жүргізген техникалық бағалаудан кейін анықталған кемшіліктерді жою және ұсыныстарды орындау жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдың қыркүйегінде FAA IASA сарапшыларын қайта тексеріске шақыру жоспарланған. Олар Қазақстанның авиациялық заңнамасы, реттеу жүйесі және олардың тәжірибеде орындалуы халықаралық стандарттарға сай болуын бағалайды. Негізгі мақсат - 2026 жылдың қарашасында FAA CAT 1 мәртебесін алу",- деді ол.

Маманның айтуынша, жобаны сәтті жүзеге асыру үшін авиациялық бақылауды күшейту, инспекторлардың кәсіби деңгейін арттыру және халықаралық стандарттарды тұрақты түрде енгізу қажет. Бұл Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі жүйесін ИКАО және FAA талаптарына сай деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Көлік министрлігі Қазақстандағы аэротакси бағасына қатысты күмәнге жауап бергенін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!