Нұрайдың өлімі: Шымкент ПД бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды

17:32, 20 қаңтар 2026

© Сурет: Zakon.kz

Шымкент полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасының қызметкерлері тарапынан қаза тапқан қыздың туыстарының өтінішін тиісінше қарамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Ведомствоның хабарлауынша, қылмыстық іс аясында арызды қабылдау, ден қою шараларының толықтығы мен уақтылылығы, сондай-ақ қабылданған шешімдерге қатысты барлық мән-жай жан-жақты тексеріледі. Тергеу нәтижесі бойынша лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.

Сонымен қатар аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша басқарушылық жауапкершілік тәртібімен тәртіптік шаралар қабылданған.

"Құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары атқарып отырған қызметтерінен босатылды. Сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлға ішкі істер органдарынан шығарылды", - делінген ІІМ хабарламасында.

ІІМ заңдылықтың бұзылуына, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріністеріне жол беретін кез келген фактілерге қатысты принципті ұстанымын сақтайтынын атап өтті.

"Қаза болған қызға қатысты кісі өлтіру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істің тергелу барысы Ішкі істер министрлігінің бақылауында. Тергеудің объективтілігі мен толықтығын қамтамасыз ету мақсатында тәжірибелі қызметкерлерден арнайы тергеу-жедел тобы құрылған", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бүгін, 2026 жылғы 20 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордадағы Ұлттық құрылтай отырысында Шымкентте кісі қолынан қаза болған Нұрай есімді бойжеткеннің оқиғасына қатысты полиция әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!