Нұр-Сұлтанда ашынған саудагерлер полиция жасағын таптап кете жаздады

13:12, 15 мамыр 2020
1195

Нұр-Сұлтанда саудагерлер шу шығарды. Бас қаладағы орталық базар маңына жиылған 500-ге жуық кәсіпкер өздерінің заңды тауарларын ала алмай жүргендерін айтады. Шаш етектен шығынға батқан жұрт жұмыс бастайын десе, базар әкімшілігі олардан алдымен орындардың ақысы мен коммуналық үшін төлемдерді талап етіп жатқан көрінеді.

Ал, бұған дейін карантинде жатқан жұрт жабық базардағы құлыптаулы тұрған орындар үшін бір тиын да төлемейміз дейді. Үш адамнан артық жиналуға болмайды деген тыйым да жайына қалып, ашынған саудагерлер полиция жасағын таптап кете жаздады.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Кеше Елорданың орталық базарына 500-ге жуық саудагер жиылды. Олардың талаптары біреу. Карантин уақытында пайдаланылмаған қаржысын осы мамыр және маусым айларына ауыстыру. Ал, базар әкімшілігіне қарай беттеген саудагерлерді мұнда полиция жасақтары өткізбей тұр. Жақын күндері ашылуы тиіс болған сауда орындары әлі де жабық. Есігінде қара құлып тұр".

Екі айдан бері саудасы тоқтап тұрған кәсіпкерлер күн санап белшеден қарызға батып жатқандарын айтады. Тіпті кейбірі карантин уақытында интернет арқылы онлайн сауда жасап, тиын тебен табуға оқталған. Алайда, базар басшылығы тұрғындардың заңды тауарын бермей, контейнерлердің маңына күзет қойып тастапты.

Ерлан Сейітов, саудагер:

"Аренда қымбат. Комуслуга да қымбат. Квадратына 1140 теңгеден. Бүкіл Қазақстанның жағдайы қиын болып тұр ғой мына карантинге байланысты. Мысалы біз саудагерміз, біз сезонмен жұмыс жасаймыз. Біз қыстық затты сатып, көктемдік зат әкеліп қойғанбыз. Көктемде карантин келді жабылды. Біз көктемдік затты сатып, жаздық зат әкелуіміз керек негізі. Біз былайша айтқанда, екі сезонда банкротқа ұшырап отырған сияқтымыз".


Кәсіпкерлер төтенше жағдай кезінде базар басшылығы нысан жабылатынын біле тұра, саудагерлерден жалдау ақысын толық көлемде жиып алғанын айтады. Ал, қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, жұмысқа шығайын десе, сауда орталығының өкілдері алдымен "2 айға ақша төлеңдер" деп талап қойып жатыр екен.

Балжан Имашева, саудагер:

"Бізді марттың 16-да жапты. Марттың 14 күні қалды. Апрельде 16-да графиктан бұрын бізді төлетті. Апрельді полный төлеп қойдық. Бірақ, үйде отырдық істеген жоқпыз. Енді, қазір майдың жартысын төлеңдер, төлемесеңдер тұрмайсыңдар дейді. Майдың ақшасын перерасчет жасасын, апрельді перерасчет жасасын десек, жоқ оны августте перерасчет жасаймыз дейді. Ондай бола ма екен?".


Ашынған кәсіпкерлер орталық базарда жалға алу бағасы тым қымбат екенін, ақысын бір күнге кешіктірсе басшылық айыппұл салып, тауарларын бермей қоямыз деп қорқытатынын айтады. Осы жағдайға ашынған жұрт базар әкімшілігінің ғимаратына баса көктеп кірмек болды.

"Журналистер барсын. Кіргізіңдер. Тоқтаңыздар асықпаңыздар".


Сауда орталығы жабық тұрған сәтте кәсіпкерлерге ескертілместен біраз жұмыстар атқарылып жатыр екен. Мәселен, ашық аспан астында тұрған контейнерлерді базар әкімшілігі сүріп тастауды ұйғарған. Екі айдан бері тауарын да көрмеген саудагерлер орнымыздан да айырылып қаламыз ба деп алаңдайды.

"Было сказано, три дня назад что якобы вы выходите работать. Неважно, 15,18, 20. Значит вы должны оплатить за полтора месяца арендную плату вперед. То есть до конца мая. За июнь мы должны заплатить".


Ұзақ уақыт құлақ тұндыратын шудан кейін, екі күннен бері төбе көрсетпеген базар басшысы әр бөлімнің бір-бір өкілін шақырып, жиын өткізді.

Алексей Чуев, орталық базар бастығы:

"Біздің сауда орталығында жалға берудің әр шаршы метрі 1500 теңгеден басталып, ары қарай кете береді. Қазір, карантин уақытында төлемақыны түсіру жағын қарастырып жатырмыз. Егер, арзан бағада орындар керек болса, базардың басқа бөлігіне ауысыңыздар. Сауда жасайтын жер жетеді бізде. Бірден айтайын сараланған тариф жүйесі алынбайды. Толыққанды шешім жақын күндері қабылданады".


Базар әкімшілігі кәсіпкерлерге карантин уақытында төленген қаржыны қайта есептеп, күзде 1-2 ай тегін сауда жасауға мүмкіндік береміз деген шарт ұсынды. Бірақ, вирус деп үйге қамалғандардың жалдау ақысын төлеуге дәл қазір мүмкіндігі жоқ. Кейбірі тіпті, заттарын жиып- теріп, басқа сауда орындарына да барғысы келеді. Оны да алу үшін, басшылық алдымен ақша талап етуде.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!