Нидерландта бір жасар балаға алғаш рет эвтаназия жасалды

10:57, 29 қыркүйек 2026
MKZ: 1569468

© Фото: pexels

Нидерландта ауыр дертке шалдыққан бір жасар балаға эвтаназия жасалды. Бұл - 2024 жылы қабылданған, 12 жасқа дейінгі жазылмайтын ауруға шалдыққан балаларға эвтаназия жасауға рұқсат беретін заңның алғаш рет қолданылуы, деп хабарлайды Zakon.kz.

People порталының мәліметінше, 2024 жылғы заң бойынша елде 12 жасқа толмаған балаға, егер ол "жазылмайтын ауруға шалдыққан және жағдайы нашарлап, адам төзгісіз азап шегіп жатса", эвтаназия жасауға рұқсат етіледі.

Мұндай жағдайда дәрігер мен ата-ана баланың өмірін тоқтату туралы шешімді бірлесіп қабылдай алады.

Нидерланд үкіметінің мәлімдеуінше, елде эвтаназия жасалған алғашқы бала – бір жасар сәби.

Ол жүктіліктің 26-аптасында шала туған. Соның салдарынан оның денсаулығында ауыр асқынулар, соның ішінде "миының ауқымды зақымдануы" және көптеген инфекциялар пайда болған. Бала төрт айлық болған кезде инфекциялар сепсиске ұласқан.

Сегіз айлығында балаға эпилепсияның сирек әрі ауыр түрі — нәрестелік спазм синдромы (Вест синдромы) және церебралды сал ауруы диагнозы қойылған. Ұстамалар баланың ауыр ұйқы бұзылысына, тыныс алу проблемаларына, жөтел ұстамаларына және жұтыну қиындығына әкелген. Баланың қысқа ғұмырында ешқандай даму немесе жағдайының жақсаруы байқалмаған.

Аурудың болжамы мен емдеу тәсілдері талқыланғаннан кейін ата-анасы дәрігерден баланың өмірін тоқтатуды сұраған. Есепке сәйкес, комиссия жағдайды ескере отырып, "дәрігер тиісті деңгейде мұқият әрекет етті" деген қорытындыға келген.

Үкіметтің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 12 жастан бастап кәмелетке толмағандар жағдайды бағалап, өздері үшін не жақсы екенін түсінуге қабілетті болса, эвтаназия жасауды сұрай алады. 12-15 жас аралығындағы балаларға ата-анасының немесе қамқоршысының келісімі қажет.

16 немесе 17 жастағы кәмелетке толмағандарға қатысты шешім қабылдау барысында ата-анасымен немесе қамқоршысымен кеңесу қажет, бірақ олардың келісімі міндетті емес.

Бұған дейін ер адам дәрігерге қарапайым шағыммен барған кезде, жүрегінен ине табылғаны хабарланған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!