«Нақты, дұрыс істің дәуірі»: Тоқаев білім саласына қатысты маңызды мәселе көтерді

14:26, 26 тамыз 2026
MKZ: 1563513

© Фото: Zakon.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында әлеуметтік желілерде білім саласына қатысты туындайтын дау-дамайларға тоқталып, мұндай пікірталастардың кейде конструктивті сипаттан алшақтап кететінін сынға алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент білім саласында нәтижеге жету үшін ең алдымен табанды еңбек қажет екенін атап өтті.

"Білім жолы – сынағы мен қиындығы көп жол. Осы жолда табысқа жетіп, бейнеттің зейнетін көру үшін, ең алдымен, табанды еңбек ету қажет. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз – бір, мүддеміз – ортақ екенін естен шығармаған абзал", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желілерде білім беру мәселелеріне қатысты қызу пікірталастар жиі болатынына назар аударды. Оның айтуынша, кейде мұндай дауларға білім жүйесінде бұрын қызмет атқарған және қазіргі лауазымды тұлғалар да араласады.

"Өкінішке қарай, осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын. Өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мәжбүрміз. Тіпті ұстаздар қауымы да ондай пікірталастардың түпкі мәнін түсіне алмай дал болуда", – деді Президент.

Мемлекет басшысы балалардың болашағына алаңдап, білім жүйесін жақсартуға бағытталған ұсыныс айту мен жеке бедел үшін пікір білдірудің ара-жігін ажырату қажет екенін атап өтті.

"Әрине, балалардың болашағы үшін алаңдап, ұтымды ұсыныстар білдіру – бір бөлек әңгіме. Ал жанашыр болып емес, жақсы атты болу үшін пікір білдіру – тіптен басқа мәселе. Өнбейтін дауды қуып, өрісімізді кеңейте алмайтынымыз анық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзін қорытындылай келе, қоғамды нәтижелі жұмысқа ден қоюға шақырды.

"Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі. Осыны ескерген жөн", – деді Мемлекет басшысы.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!