Мүгедектерге берілген баспана: қабырғасы сөгіліп, жертөлесін сасық су басты

12:14, 21 шілде 2020
1212

Елорда әкімдігі әлеуметтік аз қамтылған жандарға ескі-құсқы баспана берген. Былтыр ғана жарнамасы жер жарған бағдарлама арқылы берілген үй құлаудың сәл ақ алдында тұр екен. Қабырғасы сөгіліп, жертөлесін сасық су басқан. Мүгедек жандар мұнда тұру мүмкін емес, дейді. Одан бөлек, әр шаршы метріне ақысын кешіктірмей санап беріп отырған жұрт, коммуналдық қызметке де қымбат тарифпен ақша төлейді, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Елордадағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жалға берілген баспаналардың бүгінгі сыйқы осы. Мұндағы жертөлені қалдық су басып, демалу мүмкін емес. Ал, жертөледегі қалдық суды мынадай арнайы құралдармен сорғанымен, одан еш нәтиже жоқ. Сондықтан, тұрғындар қолқаны қабатын иіспен күндіз-түні демалуға мәжбүр.

Бұл - 2008 жылы алғашқы кірпіші қаланып, бірнеше компания ауысып, құрылысы ақыры аяқталған көпқабатты үй. Мұны кейіннен әкімдік өз қарамағына алып, "Тұрғын үй қоры" арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасыларға үлестірген. Басы байлы баспана ретінде таратылмаса да, әр шаршы метріне тұрғындар ақы төлеп келеді. Міне, берілгеніне бір жыл өтпей жатып, тұрғын үйдің қабырғасы сөгіліп, жер төлелері қалдық суға толып кеткен.

Айжан Тұрарова, қала тұрғыны:

"Бұл подвалдағы су көктемнен бері тұр. Қаншама рет айттық, өтініш жасадық. Бұл суды тазалап беріңіздер деп бізге. Енді, бұл жаз бойы, күз бойы тұрғаннан кейін бұл судан демалуға, тыныс алу мүмкін емес. Мына подвалдың есіктерін ашып қоямыз, ол жерге кішкентай балалар кіріп, шығып жүреді. Баланың аты бала ғой. Ол жердегі су лас, балалардың ауырмайтынына кім кепіл береді?".

Одан бөлек, басы даудан арылмаған баспанада мүмкіндігі шектеулі жандарға мүлде жағдай жасалмаған. Қарапайым арбаға таңылғандар кіріп шығатын пандус атымен жоқ. Аяқ қолы сау тұрғындар мүгедек жандарды үйлеріне көтеріп кіргізеді екен.

Сәуле Садықова, қала тұрғыны:

"Былтыр 21 тамызда біз осы үйді алдық. Әйнекті аша алмаймыз. Бізде инвалидтер бар, үлкен кісілер бар. Үлкен кісілер бар 80 дегі. Енді, бұл мәселені бір жыл болды айтып жатқанымызға. Анау, келген сіздер сияқты жігіттер жағаларын ұстап жатыр, мына жерде қалай тұрып жатырсыздар деп. Бір жыл ғана өтті. Сіздер әлі көрген жоқсыздар. Қазір, басқа жағын көрсеңіздер вообще көзіңіз бақыраяды".

Жұрт жертөледегі қалдық су алыстан келмегенін айтады. Себебі, жолдың арғы бетінде "Астана су арнасына" тиесілі кәріз қалдықтарын төгетін арнайы орын бар екен. Ассинизатор көліктері кезекке тұрып, сарқындыны ағызатын жерге ашынған әлеумет лап қойды. Бірақ, оларды тыңдайтын құлақ табылған жоқ. Тұрғындардың сөзінше, осы маңға кәріз қалдықтарын төгу үшін, кәсіпкерлер әкімдікке қыруар қаржы төлейді-мыс.

"За эту точку они платят 1 млн 800 тысяч тенге акимату. А эту канализацию, мы детям выбили площадку для того чтобы они дышали фекалиями что ли? Нам окно вообще невозможно открыть. Ни днем, ни ночью. Потому что, они и днем и ночью сливают вот это".

"Астана су арнасының" өкілдері бұл орынды басқа жаққа ауыстыру жағын қарастырып жатқанын мәлімдеді. Ал, жертөледегі сасық суға өздерінің қатысы жоқ екенін айтып, қысқа қайырды.

Қуаныш Сұлтанбаев, "Астана су арнасы" МКК кәріз қызметінің басшысы:

"Бізге келіп түскен сұрақ бойынша, аталған баспаналарда ешқандай су басу дерегі жоқ. Бұл маңға, тек жел екпіні күшейген кезде ғана қолаңса иіс тарайды. Қазір, Алматы ауданы әкімдігімен аталған қалдық суды төгетін жерді ауыстыру жағын талқылап жатырмыз. Ал, кәріз құбырына ағызылған су жер төлеге баруы мүмкін емес. Себебі, ол құбыр арқылы тазалау орындарына жөнелтіледі".

Бұл көпқабатты үйдің сасық судан бөлек қабырғасы сөгіліп, кірпіштері құлап жатыр. Бірнеше компанияның қолынан өткендіктен, құрылысы сапасыз жасалған екен. Оған пәтерлер мен подьездердегі мына көріністер дәлел. Ал, жандарын шүберекке түйіп отырған жұрт ертең үйіндінің астында қаламыз ба деп алаңдайды.

"Міне қарасаңызшы құлайын деп жатыр. Мынау ғана оны ұстап тұр".

Ал, қаланың ескі бөлігінде орналасқан бұл көп қабатты тұрғын үй де, құлаудың сәл ақ алдында тұр. Баспананың кірпіштері дәл адам өтетін жерге опырылып түсуде. Пайдалануға 2005 жылы берілген көрінеді. Осы мәселелер бойынша қалалық әкімдікке қарайтын құрылыс басқармасынан түсіндіруді сұрадық. Бірақ, олар, карантинді сылтауратып, жауап беретін маман жоқ деп қысқа қайырды. Соған қарағанда, жергілікті атқамінерлер апатты жағдайда тұрған жерден біреу зардап шеккенін күтіп отырғанға ұқсайды.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!