Міндетті медициналық тексеруден өту тәртібі өзгерді
© Фото: freepik
ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 16 қыркүйектегі бұйрығымен медициналық тексеруден өткізу мәселелері бойынша Денсаулық сақтау министрінің бірқатар бұйрығына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Атап айтқанда, жұмысқа орналасу кезінде алдын ала міндетті медициналық тексеруден және мерзімдік міндетті медициналық тексеруден өтуге жататын адамдардың нысаналы топтарын, оларды өткізу тәртібін, зертханалық және функционалдық зерттеулер көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді, зиянды және қауіпті өндірістік факторларды, сондай-ақ "Алдын ала міндетті медициналық тексеруден өту" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібін бекіту туралы бұйрыққа түзетулер енгізілді.
Міндетті медициналық тексеруден өту және "Алдын ала міндетті медициналық тексеруден өту" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларында қандай өзгерістер болғанын түсіндіреміз.
Нақтылай түссек, алдын ала, мерзімдік, ауысым алдындағы (рейс алдындағы), ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) міндетті медициналық тексерулерді "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңға сәйкес белгіленген үлгідегі мемлекеттік лицензиясы бар медициналық ұйымдар жүргізеді.
Міндетті мерзімдік медициналық тексеруді өткізген медициналық ұйым әр қызметкердің тексеру нәтижелерін медициналық цифрлық жүйеге енгізеді.
Жұмыс беруші медициналық ұйыммен бірлесіп:
- қызметкерде созылмалы кәсіптік ауруға күдік анықталған (алдын ала диагноз қойылған) жағдайда, қорытынды акт негізінде оны еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауымен аурудың байланысын сараптау үшін кәсіптік патология саласында мамандандырылған медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымға еңбек жағдайларының санитариялық-эпидемиологиялық сипаттамасын алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.
Жаңа норма енгізілді:
Жалпы аурулардың айқын түрлері бар, олардың жұмысын жалғастыруға медициналық қарсы көрсетілімі бар немесе жоқ қызметкерлер, сондай-ақ ағзасына зиянды өндірістік факторлардың әсер ету белгілері бар және зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында кемінде сегіз жыл үздіксіз еңбек өтілі бар қызметкерлер кәсіптік патология және сараптама саласында мамандандырылған медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымында бес жылда бір рет мерзімдік медициналық тексеруден өтеді.
Норма нақтыланды
Ағзасына зиянды өндірістік факторлардың әсер ету белгілері және кәсіптік аурулардың белгілері бар қызметкерлер, сондай-ақ кәсіптік жарамдылықты анықтау қиын болған немесе қызметкер, жұмыс беруші, сақтандыру компаниясы дәрігерлік комиссияның қорытындысымен келіспеген жағдайда, кәсіптік жарамдылығын сараптау үшін кәсіптік патология саласында мамандандырылған медициналық көмек көрсететін ұйымға жіберіледі.
Бұдан бөлек, "Алдын ала міндетті медициналық тексеруден өту" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібіне қатысты жекелеген нормаларға өзгерістер енгізілді.
Құжаттарды қабылдау қызмет көрсетуші – медициналық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады, ал мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі "цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы беріледі.
Қызмет көрсетуші мемлекеттік қызмет көрсету кезеңдері туралы деректердің мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингінің цифрлық жүйесіне енгізілуін қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік қызмет көрсетілетін орындардың мекенжайлары елорданың, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау (қоғамдық денсаулық сақтау) басқармаларының интернет-ресурстарында, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың интернет-ресурстарында орналастырылады.
Тағы бір жаңа норма
Қазақстан Республикасының заңнамасына, келісімге және ұжымдық шартқа сәйкес ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтуге міндетті қызметкерлерге Еңбек кодексінің 125-бабында көзделген кепілдіктер сақталады.
Міндетті медициналық тексеруден өтуге жататын адамдардың нысаналы топтары, сондай-ақ зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемі жаңартылды.
Міндетті медициналық тексеруден мына санаттар өтеді:
- қоғамдық тамақтану орындарының, кремді-кондитерлік өндірістер мен балалардың сүт тағамдарын дайындайтын асүйлердің қызметкерлері;
- тамақ өнеркәсібі мен азық-түлік саудасынысандарының қызметкерлері, азық-түлік өнімдерін тасымалдаумен айналысатын адамдар;
- бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) бару және (немесе) оларды тексеру арқылы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын адамдар;
- жолаушыларға қызмет көрсететін ұйымдардың (теміржол вокзалдары, әуежайлар, теңіз және өзен вокзалдары, автовокзалдар, метро) қызметкерлері;
- жолаушылар пойыздарының жолсеріктері, өзен, теңіз және әуе көлігінің стюардтары;
- бастауыш, жалпы орта, кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарының, мектептен тыс мекемелердің, компьютерлік клубтардың қызметкерлері;
- маусымдық балалар мен жасөспірімдердің сауықтыру ұйымдарының қызметкерлері;
- мектепке дейінгі ұйымдардың, мектеп-интернаттардың, балаларға арналған жыл бойы жұмыс істейтін санаторийлік-сауықтыру ұйымдарының, балалар үйлерінің, отбасылық үлгідегі үйлердің қызметкерлері;
- перзентханалардың (бөлімшелердің), балалар ауруханаларының (бөлімшелердің), жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімшелерінің, шала туған нәрестелер бөлімшелерінің медицина қызметкерлері;
- қан қызметі ұйымдарының медицина қызметкерлері, хирургиялық, гинекологиялық, акушерлік, гематологиялық, стоматологиялық бағыттағы медицина қызметкерлері, инвазивті диагностика және емдеу әдістерін жүргізетін медицина қызметкерлері, гемодиализбен айналысатын медицина персоналы, сондай-ақ вирусологиялық, бактериологиялық, клиникалық, иммунологиялық және паразитологиялық зертханалардың қызметкерлері;
- биологиялық материалмен жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың кіші медицина қызметкерлері;
- жұмысы инвазивті рәсімдермен байланысты емес медициналық ұйымдардың қызметкерлері;
- санаторийлердің, демалыс үйлерінің, пансионаттардың, интернаттардың және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлері;
- қызмет көрсету саласының қызметкерлері (моншалар, душ бөлмелері, сауналар, шаштараздар, косметологиялық салондар, кір жуатын орындар, химиялық тазалау орындары), бассейндер мен сумен емдеу орындарының, балшықпен емдеу орындарының, спорттық-сауықтыру ұйымдарының қызметкерлері, қонақүйлердің, мотельдердің, жатақханалар мен кемпингтердің менеджерлері, әкімшілері және қабат меңгерушілері;
- дәріханалардың, фармацевтикалық ұйымдардың (зауыттар, фабрикалар, қоймалар) дәрілік заттарды дайындаумен, өлшеп-ораумен және сатумен айналысатын қызметкерлері;
- су дайындауға тікелей қатысы бар су құбыры құрылыстарының қызметкерлері, су құбыры желілеріне қызмет көрсететін адамдар, өндірістік зертханалардың, сумен жабдықтау және кәріз нысандарының қызметкерлері;
- міндетті медициналық тексеруден өтуге жататын қызметкерлер ретінде ұйымдарда практика басталар алдында және практикадан өту кезінде жалпы білім беретін мектептердің, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының оқушылары (студенттері);
- оқуға түсетін адамдар;
- ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер.
Сонымен қатар жұмысқа орналасу кезінде алдын ала міндетті медициналық тексеру және мерзімдік міндетті медициналық тексеру жүргізілетін зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, кәсіптер мен жұмыстардың тізбесіне өзгерістер енгізілді.
Зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеуге жіберуге қатысты медициналық қарсы көрсетілімдер жаңа редакцияда жазылды.
Бұдан бөлек, кәсіптік аурудың еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаумен байланысын анықтау сараптамасын жүргізу қағидаларына да түзетулер енгізілді.
Құжатқа мынадай жаңа норма қосылды:
- Жедел және (немесе) созылмалы кәсіптік аурулар немесе улану жағдайлары, оның ішінде кәсіптік аурулар немесе улануға күдік туындаған кезде, тергеп-тексеру халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы тергеп-тексеру жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
- Кәсіптік патология бойынша сараптамалық комиссияның (КПСК) қорытындысы қағаз және электрондық нысанда рәсімделіп, кәсіптік денсаулық клиникасындағы пациенттің медициналық құжаттарында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 17 маусымдағы бұйрығына сәйкес тұрақты түрде сақталады.
- Электрондық ақпарат "цифрлық үкімет", "Е-өтініш" порталдары немесе халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қолданыстағы мамандандырылған цифрлық жүйелер арқылы жіберіледі.
Егер хабарламаны жіберу мерзімі демалыс немесе мереке күндеріне түссе, хабарлама жіберу мерзімі келесі жұмыс күніне дейін ұзартылады.
Бұйрық 3 қазаннан бастап күшіне енеді.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:57, 24 қыркүйек 2026
БАҚ пен әлеуметтік желілердегі балағат сөз үшін жаза: Мәдениет министрлігі жаңа норманы түсіндірді
-
16:54, 24 қыркүйек 2026
Астанада үсік жүреді, Шымкентте найзағай ойнап, жаңбыр жауады: 25–27 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы
-
16:50, 24 қыркүйек 2026
16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіде тіркелуге неге тыйым салынуы мүмкін
-
16:47, 24 қыркүйек 2026
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты
-
16:42, 24 қыркүйек 2026
Ұлытауда XXXIV республикалық «Ұлытау үні» фестивалі басталды





