Мәжілісте Су кодексінің жобасы бірінші оқылымда мақұлданды
© Фото: pexels
Мәжіліс депутаттары 2024 жылғы 27 қарашада палатаның жалпы отырысында Қазақстанның Су кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттың нормалары елдің су әлеуетін сақтауға және су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған, деп хабарлайды Zakon.kz.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев соңғы жылдардағы оқиғалар, соның ішінде биылғы ауқымды су тасқыны су ресурстарын басқару жүйесін реформалаудың маңыздылығын тағы да бір айқындап бергенін атап өтті.
"Осыған байланысты халықаралық тәжірибені ескеретін және экожүйелерді қорғауға, климаттың өзгеруіне бейімделуге және су ресурстарын ұтымды басқару арқылы экономиканың тұрақты дамуына бағытталған жаңа Су кодексінің жобасы әзірленді", — деп қосты ол.
Сонымен, жаңа Су кодексінде алғаш рет "су қауіпсіздігі" ұғымы енгізілді. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластану қаупінен қорғауды қамтиды.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясында су тапшылығы, егер шұғыл шаралар қабылданбаса, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық дағдарыстарды тудыруы мүмкін екенін атап өтті. Осыған байланысты ағымдағы жылы су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы және су саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. 42 жаңа су қоймасын салу және 37 қолданыстағы су қоймасын қайта жаңарту жоспарлануда. Сондай-ақ, 14,5 мың шақырымға жуық суару каналдары жаңғыртылатын болады. Барлық қойылған міндеттерді орындау кезінде 2030 жылға қарай қосымша 10 млрд текше метр су жинақталып, үнемделеді", – деді Экология министрлігінің басшысы.
Сонымен бір мезгілде жаңа кодекс шеңберінде жер үсті және жер асты су ресурстарын кешенді пайдалану, сондай-ақ Ұлттық гидрогеологиялық қызметті қайта құру қағидатын ескере отырып, жер асты су ресурстарын басқару функциясын басқа уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардан Министрлікке беру көзделген.
Жаңа кодексте су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға, содан кейін ғана экономикалық қажеттілікке баса назар аударылады. Бұл жаңа Су кодексінің қолданыстағы Кодекстен түбегейлі айырмашылықтарының бірі. Су объектілерінің сарқылуын болдырмау үшін өзен, көл және теңіз экологиялық жүйесін сақтауға арналған және табиғатта қалдыруға жататын су көлемі болып табылатын "экологиялық ағын" ұғымы енгізіледі.
Осылайша, су ағыны "экологиялық ағын" және "ықтимал еркін ағын" болып бөлінеді. Су ресурстарының әлеуетті бос көлеміне су пайдаланудың перспективалық және жедел лимиттері белгіленеді.
Сондай-ақ, құжатта су объектілерін, ең алдымен шағын өзендер мен көлдерді қорғау жөніндегі талаптар кеңейтілді. Атап айтқанда, шағын өзендерде соқыр бөгеттер салуға тыйым салу туралы талаптар қарастырылған.
"Кодекстің негізгі жаңалықтарының бірі су ресурстарын интеграцияланған басқаруды дамыту қағидатын сақтай отырып, мемлекеттік жоспарлау жүйесін елеулі реформалау болып табылады. Жаңа кодекс су ресурстарын басқарудың бас жоспарын және бассейн жоспарларын әзірлеуді көздейді. Бұл құжаттар су ресурстарының болуы болжамдарына сүйене отырып, мақсаттарды, міндеттерді, тәсілдерді және негізгі іс-шараларды айқындайтын болады. Ең бастысы, осы құжаттардың қорытындылары мен ұсынымдары мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу кезінде назарға алынуы тиіс", — деп түйіндеді Ерлан Нысанбаев.
Жаңа құжаттың тағы бір ерекшелігі-гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесін жеке тарауға шығару. Сондай-ақ, сумен жабдықтау жүйелерінің техникалық аудиті мәселелері заңнамалық деңгейде алғаш рет реттелуде.
Мәжілістің бейінді комитетінің қорытындысында Кодекс жобасының нормалары елдің су әлеуетін сақтауға және су ресурстарын ұтымды пайдалануға, болашақта болжанатын су ресурстарының тапшылығы тұрғысынан, оның ішінде қолда бар ең жақсы технологияларды енгізу жолымен су үнемдеу саясатын қалыптастыруға және дамытуға, жер үсті және жерасты су ресурстарын мемлекеттік есепке алуды қамтамасыз етуге, сумен жабдықтау және су бұру мәселелерін реттеуге бағытталғандығы айтылды.
"Кодекс жобасында су ресурстарын басқарудағы тәсілдерді оларды қорғаудың басымдығына, қоғамды шешімдер қабылдауға кеңінен тартуға және су шаруашылығы бассейндері негізінде басқарудың маңыздылығына баса назар аудара отырып қайта қарау көзделеді. Кодекстің жаңа редакциясында ықтимал қауіпті гидротехникалық құрылыстар үшін көп факторлы тексеру жүргізудің міндеттілігі және мұндай құрылыстардың қанағаттанарлықсыз техникалық жай – күйі және оларды қауіпсіз пайдалану жөнінде шаралар қолданбау (уақытша басқаруды енгізу) фактілері анықталған кезде су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстарға меншік құқығын шектеу шарттары көзделеді", — делінген Мәжілістің бейінді комитетінің қорытындысында.
Кодекс жобасына қайта және (немесе) айналымдағы сумен жабдықтауға біртіндеп көшу жөніндегі нормалар да енгізілген. Мәселен, өнеркәсіптік су тұтынушылардың кодекс жобасы қабылданған күннен бастап екі жыл ішінде қайта және айналымды сумен жабдықтау жүйелерін енгізудің бес жылдық жоспарларын әзірлеу бойынша талап белгіленді. Бұл ретте арнайы су пайдалануға рұқсаттар өнеркәсіптік кәсіпорындарға осындай жоспарлар болған кезде ғана берілетін болады.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
18:24, 27 қараша 2024
Путинді Ақорда резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті
-
18:17, 27 қараша 2024
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қызметінен босатылды
-
17:31, 27 қараша 2024
Владимир Путин Астанаға келіп жетті
-
17:31, 27 қараша 2024
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді елорда әуежайынан қарсы алды
-
17:23, 27 қараша 2024
Ел азаматтарының банктегі шоттары неге жаппай бұғатталуда - Қаржы министрінің жауабы