Мемлекеттік кірістер комитеті әдейі банкроттық үшін жауапкершілік барын еске салды

17:30, 8 қаңтар 2026

© Сурет: pexels

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов 2024-2025 жылдары компаниялардың әдейі банкроттығы белгілері бойынша қанша әкімшілік іс қозғалып, қанша қылмыстық іс тіркелгенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның сөзінше, кейінгі кезде өз міндеттемелерін орындай алмаған немесе оларды әдейі орындаудан жалтарған компаниялардың сот арқылы банкрот деп танылу жағдайы жиілеген.

"Алайда бүгінде мұндай әрекеттер жазасыз қалмайды. "Әдейі банкроттық" ұғымы Қазақстан Республикасының "Оңалту және банкроттық туралы" заңында бекітілген. Бұл – құрылтайшының, лауазымды тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында мүлікті иеліктен шығару немесе жасыру арқылы жасалған қасақана әрекеттері", - деді Сейілжан Ахметов.

Оның айтуынша, әдейі банкроттықтың белгілеріне әдейі тиімсіз немесе жалған мәмілелер жасау, активтерді шығару, қарыздарды өндіруден бас тарту, мүлікті жасыру немесе беру, қарызды қолдан көбейту, басқару мен есеп жүйесін қасақана бұзу және өзге де заңсыз әрекеттер жатады.

Комитет төрағасының орынбасары Қазақстан заңнамасында, атап айтқанда, аталған заңда, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте және Қылмыстық кодексте құрылтайшылар мен лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі көзделгенін ескертті.

"Егер банкроттықтың әдейі жасалғаны анықталса, бақылаушы тұлға сот тәртібімен субсидиарлық жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдайда компанияның қарыздары жеке қаражаты есебінен өтеледі. Сонымен қатар банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін де, егер кінәлі тұлға әкімшілік немесе қылмыстық іс нәтижесінде жауапты деп танылса, субсидиарлық жауапкершілік қолданылуы мүмкін", - деді ол.

2024-2025 жылдары банкроттық рәсіміндегі барлық борышкердің қызметін талдау нәтижесінде 120 әкімшілік іс және 44-тен астам қылмыстық іс әдейі банкроттық белгілері бойынша қозғалған.

Алдағы уақытта, Ахметовтің айтуынша, мемлекеттік кірістер органдары әдейі банкроттық белгілерін анықтаудың автоматтандырылған құралдарын қолдануды жоспарлап отыр. Ол үшін мәмілелерді, компаниялар арасындағы байланыстарды және борышкерлердің мінез-құлқын талдау жүргізіледі. Осы мақсатта оңалту және банкроттық рәсімдерін автоматтандыру бойынша белсенді жұмыс басталған.

"Мысалы, Жамбыл облысында бір компанияның бұрынғы директоры 2024 жылы сот үкімімен әдейі банкроттық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ал 2025 жылы сот банкроттыққа дейін банктегі шоттардан шығарылған активтер үшін кредиторлардың пайдасына 45 млн теңгеден астам қаражат өндіру туралы шешім шығарды. Мұндай жағдайлар бірлі-жарым емес. Тек 2025 жылдың өзінде кінәлі тұлғаларға қатысты 12-ден астам осындай сот шешімі қабылданды", - деді Сейілжан Ахметов.

Оның айтуынша, автоматтандырылған процестерді енгізу құқыққа қайшы әрекеттерді анықтаудың тиімділігін арттырып, дәлелдемелік базаның жүйелі әрі аналитикалық тұрғыдан негізді болуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде құқық қорғау органдарына жолданатын материалдар мен сотқа берілетін талап-арыздардың санын арттырады.

Сейілжан Ахметовтің сөзінше, банкроттық рәсімі енді адал емес кәсіпкерлер үшін жауапкершіліктен жалтару құралы болудан қалып, әділдікті қалпына келтірудің нақты тетігіне айналып отыр, яғни кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру үшін кінәлі тұлғаларды жеке жауапкершілікке тарту көзделеді. Бұл ретте талап қою мерзімі ұзартылуы мүмкін, ал қаржылық және қылмыстық жауапкершілік – шынайы әрі нақты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!