Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен креативті саланың болашағын сөз етті

16:17, 24 сәуір 2026

© Сурет: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Күзде Қазақстанда Astana AI Film Festival атты халықаралық байқау өтетінін мәлімдеп, оның креативті индустриядағы іргелі өзгерістерді көрсететін алғашқы жаһандық деңгейдегі іс-шара болатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Бұл креативті индустрияның дамуындағы іргелі өзгерістерді көрсететін жаһандық деңгейдегі алғашқы іс-шара болмақ. Жасанды интеллект шығармашылық табиғатына түбегейлі бетбұрыс әкеледі, өзін танытудың жаңа формаларын ашады әрі таланттардың алдынан шығатын кедергілерді азайтады. Қазақстан осы жаһандық жаңашылдықтардың бел ортасында болуға ұмтылады", – деді Мемлекет басшысы.

Президент жасанды интеллектке қатысты түрлі көзқарастар бар екенін атап өтті.

"Сонымен қатар жасанды интеллект әсерінен креативті индустрия жойылады, қазіргі күйінде сақталмайды деген пессимистік болжамдарды да ескеру керек. Сондықтан барлық үрдісті бақылап, өзгерістерге дер кезінде бейімделу қажет. Фестивалді ұйымдастыру Қазақстанды халықаралық аренадағы инновациялар мен жасампаз бастамалар орталықтарының бірі ретінде көрсету үшін өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу қоғамда ауқымды өзгерістерге жол ашып отырғанын да айтты.

"Сондықтан біз азаматтардың әлеуетін арттыруға, оларға цифрлық дағдыларды үйретуге баса мән беріп отырмыз. Бүгінде 650 мыңнан астам студент Al Sana бағдарламасымен білім алып жатыр. Алдағы уақытта жасанды интеллект және deeptech-технологиялар бойынша тағы 100 мың маман даярлауымыз керек, – деді Президент.

Сондай-ақ ол биыл Қазақстанда жаңа үлгідегі Жасанды интеллект университеті ашылатынын айтты.

"Бұл ғылым саласы үшін маңызды оқиға болмақ. Ең басты міндет – осы салаға білікті мамандар даярлау, дарынды жастарды тарту және оларға сапалы білім беру. Сонымен бірге келешегі зор технологиялық жобалар мен компанияларды қолдау аса маңызды. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесі еліміз үшін тиімді болары анық, – деді Мемлекет басшысы.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!