Мемлекет басшысы жаңа Парламентті жасақтау тәртібі туралы егжей-тегжейлі айтып берді

13:35, 20 қаңтар 2026

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 20 қаңтарда Ұлттық құрылтайдың V отырысында Парламентті жасақтау тәртібі туралы айтып өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның сөзінше, депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады.

"Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанын білемін. Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным". Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысының айтуынша, талқылау кезінде оған Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ президент жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімі екенін жеткізді.

"Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған "таңдаулы тұлғалар" болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады". Мемлекет басшысы

Ол осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болғанын атап өтті.

"Бірақ, бұл – мүлде басқа мәселе. Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын. Бұған қоса, партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылды",- деді ол.

Мемлекет басшысының сөзінше, бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын.

"Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді. Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті. Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын". Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Парламентке атау ұсынғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!