Мемлекет басшысы Қызылорда облысының жалпы әлеуетіне тоқталды
© Фото: пресс-служба акимата Кызылорды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 20 қаңтарда Ұлттық құрылтайдың V отырысында биылғы жиын орыны ретінде неліктен Сыр елі таңдалғанын айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Ол, бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отырғанын атап өтті.
"Бұл Форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аймағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихы бай Көкшетау төрінде жиналдық. Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. "Сыр – Алаштың анасы" деген аталы сөз бар",- деді ол.
Президенттің сөзінше, осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршын-кент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады.
"Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды",- деп мәлімдеді мемлекет басшысы.
Тоқаев "Сыр елі – жыр елі" деп бекер айтылмағанын да баса жеткізді.
"Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі. Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан 100-ге жуық Еңбек Ері шыққан. Әйгілі күрішші – Ыбырай Жақаевты халқымыз ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді". Қасым-Жомарт Тоқаев
Оның сөзінше, соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр.
"Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі". Мемлекет басшысы
Бұл ретте, облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.
"Халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Елді-мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді. Аймақтағы автокөлік жолының сапасы жалпы жақсы жағдайда деуге болады. Облыстың әуе және темір жол жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі – темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмысы басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі,- деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп екенін атап өтті.
"Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көп бейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі". Президент
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
14:41, 20 қаңтар 2026
Президент: Павлодар облысында деректерді өңдеу орталықтарының алқабы құрылады
-
14:18, 20 қаңтар 2026
Парламенттік реформа бойынша референдум қашан өтетіні белгілі болды
-
14:12, 20 қаңтар 2026
Қазақстанда вице-президент лауазымы енгізілмек
-
14:11, 20 қаңтар 2026
Президент: Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз
-
14:07, 20 қаңтар 2026
Тоқаев конституциялық реформа бойынша негізгі бағыттарды жариялады





