Мемлекет басшысы: Қазақстанда ғылымды дамыту басым бағыт
© Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, ғылым саласының ел дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент ең алдымен жиналғандарды Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, бұл мереке қарсаңында Ақордада ғалымдармен кездесу дәстүрге айналғанын атап өтті.
"Ең алдымен, Ғылым қызметкерлері күні баршаңызға құтты болсын деймін. Осы белгілі мереке қарсаңында Ақордаға жиналып, бас қосу жақсы дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің ғалымдар қауымына деген ерекше құрметі және айрықша ықыласының көрінісі. Себебі кез келген дамыған, яғни озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, әр елдің ғылыми әлеуеті оның беделі мен қуатын айқындайды. Ғылымға басымдық беріп, ғалымдарды қолдайтын елдер ғана өркениет биігіне көтеріледі.
"Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі десек, қате болмайды. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін, басқаша айтсақ, "ғылым-білім бар жұрттар" ғана өркениеттің өріне шығады. Бұл – ақиқат. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда ғылым саласында табысқа жеткен зерттеушілердің еңбегіне алғыс білдіріп, олардың ел дамуына қосып жатқан үлесін ерекше атады.
"Қазір осы залда түрлі салада зор табысқа жеткен зерделі зерттеушілеріміз отыр. Сіздер ұлт сапасын арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мол үлес қосып келесіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді ол.
Президент Абайдың "Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ" деген сөзін мысалға келтіріп, оның маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның бәсекеге қабілетті ел болуы үшін ғылымды дамыту, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні меңгеру қажет екенін айтты.
"Біз бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытып, жаңа технологияны, жасанды интеллектіні меңгеруіміз керек", – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласына көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды.
"Өздеріңізге мәлім, мен осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Ғылымға бет бұру – өсіп-өркендеуге ұмтылған әрбір елдің тарихи міндеті. Біз мұны жақсы түсінеміз", – деді ол.
Президенттің айтуынша, соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы көлемі 6 еседен астам артқан. Сонымен қатар зерттеу университеттерінің саны көбейіп, бизнес өкілдеріне ғылыми жобаларға инвестиция салғаны үшін салықтық жеңілдіктер енгізілген.
"Мемлекет ғылым саласына үнемі қолдау көрсетуде. Кейінгі 5 жылда осы салаға бөлінетін қаржы көлемі 6 еседен асты. Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны көбеюде. Ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі берілетін болды", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалымдарды қолдау мәселесіне ерекше тоқталып, олардың ғылыммен еркін айналысуына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.
"Алдымызда тағы бір маңызды міндет тұр. Біз жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Өйткені қазақ ғылымының болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр және мақсаты биік жастардың қолында", – деді ол.
Президенттің айтуынша, қазірдің өзінде 600-ден астам жас ғалымға баспана берілген, сондай-ақ арнайы гранттар бөлініп отыр. Бұдан бөлек, жас зерттеушілер шетелдік ғылыми орталықтарда тәжірибе жинақтап жүр.
"Бұл бағытта нақты бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда 600-ден астам жас ғалымға баспана берілді. Бұдан бөлек, оларға арнаулы гранттар бөлінуде. Жыл сайын жас зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тәжірибе жинап, тағылым алып жүр. Осындай нақты шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады", – деді Мемлекет басшысы.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
14:51, 10 сәуір 2026
Мұнай қайта қымбаттап жатыр
-
14:26, 10 сәуір 2026
Нұрбек Оралбай жеңісі: Қазақстан қоржынына үшінші алтын түсті
-
14:10, 10 сәуір 2026
Президент қазақстандық ғалымдарды марапаттады
-
13:42, 10 сәуір 2026
Жасампаз ұлт ретінде алдымызға биік мақсат қоямыз – Тоқаев
-
13:40, 10 сәуір 2026
Республика күні қарсаңында «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фараби» ордендері алғаш рет табысталады





