Мемлекет басшысы Данияның Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссенді қабылдады

14:11, 2 қазан 2026
MKZ: 1570134

© Сурет: akorda.kz

2026 жылдың 2 қазанында Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссенмен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың баспасөз қызметі берген ақпаратқа сай, мемлекет басшысы Данияны Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропалық одақтағы сенімді серіктесі деп атады. Келесі жылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады.

"Біз Данияны Еуропаның беделді және ықпалды мемлекеті және сенімді серіктес ретінде қарастырамыз. Екіжақты ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор екеніне сенімдімін. Аталған мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін тараптар осы бағытта белсенді әрі мақсатты түрде жұмыс істеуі қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың оң қарқынмен дамып келе жатқаны атап өтілді.

Президенттің айтуынша, өзара ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік жеткілікті.

Мемлекет басшысы Carlsberg компаниясының Алматы облысында ірі инвестициялық жобаны қолға алғанын құптап, кәсіпорынның Қазақстандағы тамақ өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Данияның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақстанды алдағы Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтап, еліміздің осы жылдар ішінде айтарлықтай табысқа жеткенін атап өтті.

Сонымен қатар ол Данияның Қазақстанмен саяси диалогты одан әрі нығайтуға және сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға ниетті екенін растады.


"Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ірі ел саналады. Мұнда Данияның көптеген компаниясы жұмыс істейді. Олар осы серіктестікті алдағы уақытта кеңейте түсуге қызығушылық танытып отыр", – деді Дания Сыртқы істер министрі.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ларс Лёкке Расмуссен көлік-логистика, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, аса маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы және су қауіпсіздігі салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективалары жөнінде пікір алмасты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!