Мемлекет басшысы: Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде «ойын ережесін» өзгертеді
© Сурет: akorda.kz
Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті. Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде экономиканы цифрландыру заман талабы екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл ретте Президент Біріккен Араб Әмірліктері қолма-қол төлемсіз экономикаға көшуді жоспарлап отырғанын мысалға келтірді.
Қытайдан да үлгі алуға болады. Көршілес ел жыл сайынғы триллион доллар транзакцияларды цифрлық платформада өңдеу ісін жолға қойды.
"Қазақстан да бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізді: еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 80 пайыздан асты. Осы жиынға қатысып отырған отандық фин-тех компаниялар кәсіби деңгейлері жоғары екенін көрсетті. Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде "ойын ережесін" өзгертеді. Өйткені бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, транзакция үшін алынатын комиссиялық төлемдердің шығынын қысқартады. Бұл Қазақстанның дүние жүзінен көбірек капитал тартып, жетекші инвестициялық және қаржылық орталыққа айналуына көмектесуге тиіс. Былтыр елімізде алғаш рет цифрлық активтер мен криптовалютаны реттейтін құқықтық база қалыптасты. Жылжымайтын мүлікті, алтынды, ірі өндіріс кәсіпорындарының акцияларын және басқа да активтерді токенизация жасауға мүмкіндік пайда болды. Мақсатымыз – аймақтағы жетекші криптохабқа айналу. Үкімет пен Ұлттық банк цифрлық активтерді дамытудың басты бағыттарын бекіткені жөн. Бұл – шұғыл міндет, уақыт күтпейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент "нақты уақыт экономикасына" көшу өте маңызды екеніне назар аударды. Себебі дәстүрлі жүйеде мемлекет үнемі "ізінен қуып" отырады.
"Мысалы, бюрократиялық рәсімдер мен бітпейтін келісулер қаржының тиімділігін 30 пайызға дейін азайтады. Тексеріс салық жинау кезеңінің қорытындысы бойынша жүргізіледі. Ал ол кезде бюджет қаржысы әлдеқашан игеріліп қояды. Жасанды интеллект арқылы күшейтілген платформалық тәсіл бұл ретте едәуір алға озуға жағдай жасайды. Атап айтқанда, үздіксіз предиктивті мониторинг мақсатсыз немесе күмәнді транзакцияларды алдын ала анықтайды. Бұл ретте тек мемлекет ресурсына сенім арту стратегиялық тұрғыдан қате екенін ескерткім келеді. Қабылданған платформалық шешім жеке капиталдың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтын басты құрал болуға тиіс. Негізгі міндет – осындай институционалдық орта қалыптастыру. Үкімет бизнесті ынталандыратын нақты ұсыныстар енгізуі керек", – деді Мемлекет басшысы.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
14:42, 4 мамыр 2026
Астанада ірі көлемде алаяқтық жасаған азамат ұсталды
-
14:25, 4 мамыр 2026
Президент үкіметке «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын мұқият пысықтауды тапсырды
-
14:17, 4 мамыр 2026
Президент жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін келесі кеңесте қарауды ұсынды
-
14:10, 4 мамыр 2026
Қасым-Жомарт Тоқаев: экономиканы цифрландыру тиімді болуы үшін нақты өлшемді көрсеткіштер қажет
-
14:06, 4 мамыр 2026
Қазақстанға білікті мамандар тартуға барлық жағдай жасалған – президент





