Мектептер мен колледждердегі әдістемелік кабинеттер қалай жұмыс істеуі тиіс

15:57, 23 шілде 2026
MKZ: 1557635

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 15 шілдедегі бұйрығымен мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарында оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Нақтыланғандай, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы білім беру жүйесі мен білім беру процесін әдіснамалық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру аясында (мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, үлгілік оқу бағдарламалары) әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) қызметін үйлестіреді.

Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыс мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын, тәрбие-білім беру, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыратын және үйлестіретін барлық құрылымдық бөлімшелерде (әдістемелік бірлестіктерде, әдістемелік пәндік және циклдік комиссияларда, кафедраларда), сондай-ақ әдістемелік жұмыс негізгі қызмет түрі болып саналатын ұйымдарда (республикалық, облыстық, аудандық, қалалық әдістемелік кабинеттерде (орталықтарда), оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі құрылымдық бөлімшелерде) жүзеге асырылады.

Құжатта облыстық әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) қызметінің мақсаты әдістемелік, ғылыми-зерттеу, талдамалық және сараптамалық жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ педагогтердің кәсіби дамуын әдістемелік сүйемелдеу екені көрсетілген.

Облыстық әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) негізгі жұмыс бағыттарына мыналар кіреді:

  • педагогтердің сапалық құрамына мониторинг жүргізу, олардың біліктілігін арттыру қажеттілігін болжау, біліктілігін арттырған педагогтердің жұмысын зерделеу;
  • білім беру ұйымдарының өңірлік және басқа да жоғары оқу орындарымен, білім беру саласындағы ғылыми-зерттеу институттарымен, білім беру орталықтарымен ынтымақтастығын қамтамасыз ету.

Сонымен қатар мынадай бағыттармен толықтырылды:

  • білім беру ұйымдарындағы тәрбие-білім беру және оқу-тәрбие процесінің жай-күйіне мониторинг жүргізу арқылы әдістемелік қолдау көрсету;
  • педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу;
  • педагогтерге жаңа білім беру технологияларын, әдістемелерді, үздік (озық, инновациялық) педагогикалық тәжірибелерді меңгеруге көмек көрсету.

Республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әдістемелік кабинеттерінің (орталықтарының) қызметінің мақсаты да әдістемелік, ғылыми-зерттеу, талдамалық және сараптамалық жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ педагогтердің кәсіби дамуын әдістемелік сүйемелдеу болып табылады.

Әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) штат саны өңірдегі педагогтер санына сәйкес белгіленеді: әрбір 300 педагогтен аспайтын мөлшерге бір әдіскердің штат бірлігі қарастырылады.

Бұйрық 2026 жылғы 2 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!