Маусым айындағы аптап ыстық: Қазақстанда 70 жыл бұрынғы температуралық рекорд жаңарды

12:26, 16 шілде 2026
MKZ: 1556417

© Фото: pixabay

Қазақстанда 2026 жылдың маусым айы аптап ыстықпен есте қалды. "Қазгидромет" РМК синоптиктерінің мәліметінше, елдің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–5°C-қа жоғары болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Метеорологтардың жариялаған мәліметіне сәйкес, маусым айында ауа температурасы негізінен +30...+38°C аралығында болды. Ал еліміздің оңтүстік өңірлерінде сынап бағаны +43°C-қа дейін көтерілді.

"Мұндай аптап ыстықтың қалыптасуына құрғақ тропиктік ауа массаларының ықпалы себеп болды",- деп мәлімдеді мамандар.

Ал Қазақстанның батысында, керісінше, ауа райы салқын әрі жауын-шашынды болды. Кей жерлерде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан 2–5 есе артық түсті. Бұл өңірлердегі ауа райына белсенді Атлант циклондары әсер еткен.

Жоғары температураның әсерінен еліміздің бірнеше өңірінде көпжылдық температуралық рекордтар жаңарды.

Мәселен, 1 маусымда Алматыда ауа температурасы +34,5°C-қа жетіп, 1967 жылы тіркелген +34,4°C рекордын жаңартты. Сол күні Павлодарда сынап бағаны +36,8°C-ты көрсетіп, 1955 жылғы +36,1°C рекордынан асты. Ал 8 маусымда Астанада ауа температурасы +33,7°C-қа дейін көтеріліп, 2023 жылы тіркелген +33,6°C рекорды жаңарды.

29 маусымда еліміздің шығыс өңірлерінде де көпжылдық температуралық рекордтар жаңартылды:

  • Семейде ауа температурасы +38°C-қа жетіп, 1992 жылғы +36,7°C көрсеткішінен асты;
  • Өскеменде +36,7°C тіркеліп, 1974 жылғы +36°C рекорды жаңартылды.

Бұған дейін 16 шілдеде еліміздің бірқатар өңірлерінде дауылды ескерту жарияланғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!