Қазақстанның үш ірі қаласында ҚТҚ-ны кәдеге жарату зауыттары салынады: инвестор белгілі болды

13:25, 16 шілде 2026
MKZ: 1556430

© Сурет: primeminister.kz

Олжас Бектенов China Tianying Inc. компаниясының партия комитетінің хатшысы әрі президенті Дэбяо Цаомен кездесу өткізді. Кездесу барысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және энергия өндіру арқылы кәдеге жарату саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 16 шілдеде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Екі ел көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы сенімге негізделген сындарлы диалогтің арқасында екіжақты ынтымақтастық экономиканың барлық саласында қарқынды дамып, жаңа деңгейге көтерілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы $48 млрд-қа жетті. Үкімет екі мемлекет басшылары айқындаған өзара сауда көлемін екі есеге арттыру жөніндегі міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін жұмылдырып жатыр", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы аясында жалпы құны $13,3 млрд-ты құрайтын 77 бірлескен жоба жүзеге асырылып, 21,6 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар жалпы саны 269-дан астам бастама келешегі зор жобалар портфеліне енгізілген.

Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату белсенді дамып келе жатқан бағыттар қатарына жатады. Қазіргі уақытта Қазақстанда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осындай зауыттар салу бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ өңірлерде Waste-to-energy тетігі енгізілуде. China Tianying компаниясы бұл салада 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді, өзіндік технологиялық және өндірістік әлеуетке ие. Компания қызметі Сингапур, Мальдив аралдары, Франция сияқты әлемнің 30-дан астам елін қамтиды.

China Tianying Inc. компаниясының басшысы Дэбяо Цао компанияның өндірістік қуаты мен технологиялық шешімдері экология саласындағы озық еуропалық стандарттарға сәйкес келетінін атап өтті.

"Біз екі негізгі бағытта жұмыс істейміз: қоршаған ортаны қорғау жобаларын жүзеге асыру және жаңа энергетика саласындағы технологияларды дамыту. Қазіргі уақытта компания зауыттарының қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу қуаты тәулігіне 4 мың тоннаны құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш тәулігіне 7 мың тоннаға дейін артатын болады. Компания техникалық шешімдерді әзірлеу, жабдықтарды өндіруден бастап, құрылыс жұмыстарын жүргізу, нысандарды пайдалануға беру және оларды кейінгі сервистік қызметпен қамтамасыз етуге дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асырады", — деді Дэбяо Цао.

Кездесу барысында Қазақстанда тәулігіне 250-ден 500 тоннаға дейінгі қалдықтарды өңдейтін шағын қуатты зауыттар салу перспективаларына ерекше назар аударылды. Мұндай шешімдер коммуналдық қалдықтардың көлемі ірі кәсіпорындар салуды қажет етпейтін өңірлер үшін аса өзекті.

Бүгінгі таңда Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша жобалар Инвестициялар туралы келісімдер тетігі арқылы жүзеге асырылуда. Энергетикалық кәдеге жарату жобалары үшін өндірілетін электр энергиясына 1 кВт/сағ үшін 55 теңгеге дейін тариф белгіленді.

Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға өңірлерде заманауи экологиялық және энергетикалық технологияларды енгізу бойынша айтылған бастамаларды уақтылы жүзеге асыру үшін инвестициялық жобаны сүйемелдеуге жәрдемдесуді тапсырды.

"Экология министрлігі өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, компаниямен келіссөздердің соңғы кезеңін жеделдетілген тәртіппен жүргізуі және екі апта ішінде Қазақстанның кемінде үш ірі қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату зауыттарын салуды көздейтін Инвестициялар туралы келісімді бекітуге ұсынуы тиіс", — деп тапсырды Олжас Бектенов.

Анықтама: Өткен жылы қытай компанияларымен Инвестициялар туралы келісімдер жасалды және бүгінгі таңда үш қалада жалпы құны 293,3 млрд теңгені құрайтын қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату саласында зауыттар құрылысы басталды. Жалпы қуаты тәулігіне 4,5 мың тонна қалдықты құрайтын нысан 134 МВт электр энергиясын өндіріп, 300-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашады.

Алматыда Junxin Environmental Protection компаниясымен бірлесіп тәулігіне 2000 тонна коммуналдық қалдықтарды (жылына 730 мың тонна) кәдеге жарату және 60 МВт электр энергиясын өндіретін зауыттың құрылысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі – 145,5 млрд теңге.

Астанада EAST HOPE компаниясы тәулігіне кемінде 1500 тонна коммуналдық қалдықтарды (жылына 550 мың тонна) энергетикалық кәдеге жаратуды және кейіннен 50 МВт электр энергиясын өндіруді көздейтін жобаны жүзеге асыруда. Тартылған инвестициялардың жалпы сомасы 94,4 млрд теңге.

Шымкент қаласында Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd тәулігіне 1000 тонна коммуналдық қалдықтарды (жылына 360 мың тонна) кәдеге жарату, кейіннен 24 МВт электр энергиясын өндіретін зауыт салынуда. Шамамен 54 млрд теңге инвестиция тартылды.

Қазіргі таңда Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және еліміздің басқа да қалаларында осындай жобалар қарастырылуда.

2026 жылғы 14 шілдеде өткен Үкімет отырысында Олжас Бектенов іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобаларды тексеріп, ондағы проблемалық мәселелерді анықтап, оларды шешу бойынша нақты шаралар ұсыну қажеттігін мәлімдеді.

Премьер-министр Мемлекет басшысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды ауқымды көлемде салу бағдарламасын іске асыруды бастау жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Оның айтуынша, бұл алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!