Маңғыстауда Алмас Бекбосыновтың туғанына 100 жыл толуына орай халықаралық би фестивалі өтті

18:31, 21 қазан 2024

© Сурет: Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы

Маңғыстау облысында 19-20 қазан күндері Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық би фестивалі өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының хабарлауынша, ұйымдастырылған фестивальдің ауқымы үлкен, бірнеше іс-шараларды құрайды. Фестивальға Алматы қаласынан келген Алмас Бекбосыновтың туыстары Сара және Ақмарал Бекбосыновалар, Қазақ КСР-нің халық әртісі Талпақова Гүлжан Ізімқызы бастаған қазылар алқасы мен арнайы шақыртылған қонақтарымыз, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен 24 өнерпаз қатысты.

"Сіз бен біз бүгін ерлердің арасынан шыққан тұңғыш кәсіби балет бишісі Алмас Бекбосынов туралы тың туындыны тамашаладық. Кенен Әзірбаевтай тұлғаны тудырған топырақтан жаралған Алмас Бекбосыновтай тума таланттың өмір жолы мен шығармашылығымен таныстық. Қазақ классикалық би өнерін биікке шығарған, небәрі 50 жыл өмір сүріп, артерлік шеберлігімен елден ерек болған Алмастай тұлғанының рухын құрметтеп, біздің шақыруымызды қабыл алып, іс-шараның ойдағыдай өтуіне қолдау көрсеткендеріңізге алғыс білдіремін! Алдағы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық би фестивалінің қызметіне де сәттілік тілеймін", - деді фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Әбішев Тілеген Ақанұлы.

Фестиваль аясында Алмас Бекбосыновтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрменің ашылуы, Алмас Бекбосыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмнің тұсау кесері, дөңгелек үстел, шеберлік сағаттары, конкурс өтті.

19 қазанда Ақтау қаласындағы Достық үйі ғимаратының фойесінде Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың өмірі мен қызметін баяндайтын арнайы жасақталған жүрмелі көрменің ашылуы болды. Би әлемінен сыр шерткен көрменің лентасын қию мәртебесі ҚР халық әртісі Гүлжан Талпақоваға және Алмас Бекбосыновтың туысы Сара Бекбосыноваға беріліп, көрмені таныстыру ҚР Мәдениет саласының үздігі Серік Сариевке ұсынылды.

Қазақтың өнер көкжиегіндегі жарық жұлдызы, тұңғыш қазақтың ұлттық-сахналық биі мен бірге классикалық жанрды насихаттаушы, биші, балетмейстер, режиссер Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың шығармашылығына арналған шара өнерпаздың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілімімен жалғасты.

Шара ары қарай дөңгелек үстел және би фестивалімен жалғасын тапты. Шараға сарапшылар, құрметті қонақтар, фестивальге қатысушылар, қала, аудандардағы хореографтар қатысты. Дөңгелек үстел жеке орындаушылық жанр және оның аспектілеріне арналды. Жеке орындау жанры бойынша сарапшылар мен келген қонақтар өз ойларымен бөлісті. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қаулы қабылданды.

Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық би фестивалінің жалғасы 20 қазанда қазылар алқасы мүшелерінің фестиваль қатысушыларына, кәсіптік оқу орындарының студенттері мен Маңғыстау облысының би ансамбльдерінің әртістеріне шеберлік сабағымен басталды. Фестиваль ережесі бойынша қатысушылар екінші кезеңде өзге ұлт биін билеп сынға түскен болатын.

Фестиваль қорытындысы бойынша оқ бойы оза шапқан жүйріктерді анықтау барысында әділ қазы алқасы үздік деп таныған қатысушыға өз аттарынан арнайы жүлделерді белгілеп, ҚР халық әртісі, қазақтың би өнерін әлемнің 52 мемлекетінде паш еткен өнер иесі Талпақова Гүлжан Ізімқызы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Мәдениет саласының үздігі, "Ерен Еңбегі үші" медалінің иегері Бейсенова Ғайникамал Нығметжанқызы, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, профессор, "Ы. Алтынсарин", "Халық алғысы" төсбелгісімен, "Ерен Еңбегі үшін" медалінің иегері Ізім Тойған Оспанқызы, ҚР Мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Құлбекова Айгүл Кеңесқызы, ҚР еңбек сіңірген әртісі, "Еңбек даңқы" төсбелгісінің иегері Әбдиева Ғазиза Макешқызы, Мемлекеттік "НАЗ" би театрының директоры, Хореография өнерінің қайраткерлер қоғамының төреағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Ағымбаев Еркебұлан Мүлікұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, "Ерен Еңбегі үшін" медалінің иегері Қылышбаев Талант Жамбылұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері ,педагогика ғылымдарының кандидаты Әжібекова Зауре Бекембайқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Есекеев Әбдірасул Нәжімадинұлы атына сыйлықтар табысталды.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының арнайы жүлдесін ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының режиссері Арман Нұрмұхамедұлы Атырау облысынан келген өнерпаз Қаракөз Мұратқа, маңғыстаулық Амангелдіұлы Есдәулетке, Ақмола облысынан келген Камила Бекмұханбетоваға табыстады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!