Мақтааралда мал өлекселері қайда жіберіледі

13:46, 15 мамыр 2020
1485

Мақтааралдағы апатты аймақтан 800 бастан астам малдың өлексесі шығарылды. Ал өлекселер қалай жойылып жатыр деген заңды сауал туындайды? Зерттеп қарасақ, аумақта бірде-бір, малдың өлексесін өртейтін Беккари шұңқыры жоқ екен.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Алдымен, өңірдегі қазіргі ахуалды қысқаша шолып өтейік. Апатты аймақта судың деңгейі айтарлықтай түскен. Оның нәтижесін Өргебас, Фердауси ауылдарынан байқауға болады. Десек те мұнда әлі күнге дейін арнайы мамандар көлшік суларды каналдар арқылы Айдаркөлге айдау жұмыстарымен айналысып жатыр.

Исматжон Хокимов, Өзбекстан Республикасы ТЖМ қызметкері:

"Осында жұмыс жасап жатқанымызға 7 күн болды. Тоқтамастан суды сору жұмыстарымен айналысудамыз. Жеке өзіміз 600 тонна суды айдадық. Судың деңгейі қазір 1 метрге дейін төмендеді".


Су басқан ауылдардағы біршама үйлер сабаннан тұрғызылған. Содан болса керек ол үйлер төтеннен келген топан суға төтеп бере алмай шаңырағы ортасына түсіп отыр. Апатты аймақта қазір арнайы мамандар жұмыс жасап жатыр. Қоса кетерлігі апатты аймақтан қазірде 800 бастан астам малдың өлексесі шығарылған.

Заңды сауал – өлген малдың денесі, қайда, қалай залалсыздандырылып жатыр? Анықтап көрсек, осындайда өлексені өртейтін "Беккари" шұңқыры Мақтаарал ауданында атымен жоқ екен. Мақтарал дейміз-ау, Мырзашөл өңірінде аталған нысанды кездестіре алмайсыз. Неліктен деген сауалымызға тиісті орган өкілдері былай жауап берді.

Ағабек Абдиев, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы Ветеринарлық шаруаларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы:

"Беккари" шұңқырын салуға бұл жерде ветеринарлық талап сәйкес келмейді. Жер асты су деңгейі жақын. Содан кейін ол біздің талапқа сәйкес келмейді. Ол қырлы жерлерге, таулы жерлерге болады. Біздерге болмайды".


Ал, қазіргі төтенше жағдайда қажет болған техниканы Нұрсұлтан қаласынан алдырыпты. Анығырақ айтсақ, жылжымалы пеш. Мұндай құрылғының өзі Қазақстанда екеу-ақ көрінеді. 1200 градуста жұмыс жасатын инсинератор кез келген қоқыстың күліне дейін жоқ қылады екен.

Ағабек Абдиев, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы Ветеринарлық шаруаларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы:

Нұр-Сұлтан қаласынан инсинераторды алдырдық. Енді қалған өлекселердің барлығын осы жерге әкеп жағып жатырмыз. Мынау енді досконально жағады. Ең соңына күліне дейін жағып тастайды.


Ал, осыған дейін Мақтаарал мен Жетісай аудандарының халқы малдың өлекселерін 8 шұңқырға тастап келіпті. Ауылдан алыс орналасқан дегені болмаса, ондағы жағдай қазір аянышты. Беті ашық-шашық, жағымсыз иіс қолқаны қабады. Биыл ғана облыстық ауылшаруашылығы басқармасының құзырына өткен аудандық ветеринария қызметі олқылықтар биыл жойылады деп сендірді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!