Құрылтай регламенті: депутаттар қандай тәртіппен жұмыс істейді

11:04, 10 қыркүйек 2026
MKZ: 1566094

© Фото: Zakon.kz

Депутаттар 2026 жылғы 10 қыркүйекте өткен палатаның жалпы отырысында Құрылтай регламентін қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Регламентті депутат Снежанна Имашева таныстырды. Оның айтуынша, бұл құжат еліміздің жоғары өкілді органының ішкі құрылымы мен қызмет тәртібін айқындайды.

"Құрылтай қызметінің негізгі нысаны – оның сессиялары. Кезекті сессия жылына бір рет, қыркүйектің алғашқы жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі. Құрылтай отырыстары, әдетте, сәрсенбі және бейсенбі күндері, тыңдаулар – жұмада, ал үкімет сағаттары дүйсенбіде өтеді. Отырысқа депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі, яғни кемінде 97 депутат қатысса, ол өкілетті болып есептеледі", – деді ол.

Жоба заң жобасының Құрылтайға енгізілуінен бастап заң ретінде қабылдануына дейінгі барлық кезеңді егжей-тегжейлі реттейді. Заң шығару бастамасы құқығы тек Құрылтайда жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, заң жобасы тіркелгеннен кейін Бюро оны бас комитетке жібереді. Бас комитет жұмыс тобын құрып, құжатты одан әрі пысықтауды ұйымдастырады. Заң жобасы үш оқылымда қаралады. Халықаралық шарттарды ратификациялау немесе олардың күшін жою туралы заңдар бұған жатпайды. Мұндай жобалар екі оқылымда қаралады.

"Бірінші оқылымда заң жобасының мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері, сондай-ақ ол қабылданған жағдайда туындауы мүмкін әлеуметтік-экономикалық, құқықтықтық және өзге де салдар талқыланады. Бірінші оқылымнан кейін түзетулер егжей-тегжейлі пысықталады. Оларды жұмыс тобы мен бас комитет салыстырмалы кестеге жинақтайды. Екінші оқылымда жұмыс тобына немесе бас комитетке енгізілген түзетулер қаралады. Үшінші оқылым Құрылтайдағы заң шығару рәсімін қорытындылайды", – деді депутат.

Үшінші оқылымда заң жобасын ҚР Конституциясы мен өзге де заңнама талаптарына және заң техникасы қағидаларына сәйкестендіруге, ішкі қайшылықтар мен редакциялық сипаттағы ескертулерді жоюға бағытталған түзетулер ғана қаралады. Екінші оқылымда мақұлданған жобаның құқықтық мазмұнын өзгертетін түзетулер қабылданбайды.

Құжатта түзетулермен жұмыс істеу тәртібі де жеке реттелген. Атап айтқанда, депутаттардың, комитеттер мен фракциялардың түзетулер енгізу, салыстырмалы кестелер әзірлеу, сондай-ақ оларды жұмыс тобы мен бас комитетте қарау тәртібі айқындалды.

Сондай-ақ Құрылтай қарауындағы заң жобаларына Үкіметтің ұсыныстарын қараудың арнайы тәртібі көзделген.

"Комитет ұсыныстарды қарап, қорытындысы бойынша оларды салыстырмалы кестеге енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдауға тиіс. Бұл, бір жағынан, заңнамаға жедел өзгеріс енгізу мүмкіндігін сақтауға, екінші жағынан, заң шығару бастамасының белгіленген тәртібін айналып өтуге жол бермеуге мүмкіндік береді. Заң жобасын заң шығару бастамасы құқығының субъектісі қараудың кез келген кезеңінде кері қайтарып ала алады", – деп түсіндірді Снежанна Имашева.

Регламентте заңнамалық сипатқа жатпайтын актілерді қабылдау тәртібі де реттелген. Олардың қатарына үндеулер, декларациялар мен мәлімдемелер жатады.

Регламенттің ауқымды бөлігі Құрылтайдың Конституциялық сотпен, Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимылына арналған. Оның ішінде Конституция мен заңдарда белгіленген мәселелерді қарау рәсімдері қамтылған.

"Жаңа Регламенттің тағы бір маңызды бөлігі – парламенттік оппозицияның кепілдіктері. Құжатта Құрылтайдағы көпшілік пен оппозицияның мәртебесі айқындалған. Депутаттық мандаттардың ең көп санын иеленген саяси партия көпшілік деп танылады. Құрылтайда өкілдік ететін әрі көпшіліктің құрамына кірмейтін саяси партиялар парламенттік оппозиция құра алады. Регламент бұл мәртебені декларативті түрде бекітумен ғана шектелмей, нақты рәсімдік кепілдіктерді де көздейді. Оппозиция әр сессияда кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізуді бастауға құқылы. Бұдан бөлек, ол сессия барысында кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындай алады", – деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ тұрақты комитеттердің басшылық құрамында оппозиция өкілдерінің болуына кепілдік беріледі. Снежанна Имашеваның айтуынша, бұл балама ұстанымды білдіруге ғана емес, оны парламенттің күн тәртібіне нақты енгізуге де мүмкіндік береді.

Регламенттің жеке бөлімі депутаттардың құқықтық мәртебесіне арналған. Құжатта олардың ант беру, депутаттық өкілеттіктерін жүзеге асыру, сайлаушылармен жұмыс істеу, отырыстар мен жұмыс органдарының қызметіне қатысу тәртібі айқындалған.

Құжатта депутаттық бірлестіктердің екі негізгі нысаны көзделген: саяси партиялардың фракциялары және депутаттық топтар.

"Фракция тиісті саяси партияның атынан өкілдік етеді. Ал депутаттар өз өкілеттіктерін бірлесіп жүзеге асыру үшін депутаттық топ құра алады. Мұндай топ құру үшін кемінде 15 депутат қажет. Депутаттардың құқықтарымен қатар жауапкершілігі де бекітіледі. Регламентте дәлелді себепсіз отырыстарға жүйелі түрде қатыспау, дауыс беру құқығын басқа депутатқа беру және депутаттық әдеп қағидаларын бұзу жағдайларына қатысты шаралар қарастырылған. Осылайша, депутаттық мандат құқықтар жиынтығы ретінде ғана емес, Құрылтай қызметіне жеке әрі адал қатысу міндеті ретінде де қарастырылады", – деп қорытындылады Снежанна Имашева.

Еске салайық, 2026 жылғы 28 тамызда Құрылтай депутаттары төрағаның орынбасарларын сайлап, бір палаталы Парламенттің құрылымын жасақтады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!