Конституциялық сот жаңа Конституцияның мәртебесін түсіндірді
© Фото: akorda.kz
Бүгін, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Осыған байланысты Конституциялық сот жаңа Ата заңның мәртебесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Конституциялық соттың мәліметінше, Қазақстан халқының ерік-жігерінің нәтижесінде елдің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне негіз қаланды. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы өз күшін жойды. Жаңа Ата заңның күшіне енуі – мемлекеттің дамуындағы тарихи кезең. Ол Конституцияның үстемдігіне, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге, құқықтық айқындықты нығайтуға, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге негізделген жаңартылған конституциялық үлгіні бекітеді.
Жаңа Конституция Қазақстан Республикасының қызметінің негізгі қағидаттарын едәуір жаңартып, кеңейтті. Алғаш рет олардың қатарына егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбекқорлық, прогресс пен білім құндылықтарын орнықтыру, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау енгізілді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлық сипаты, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны өзгеріссіз сақталды.
Сондай-ақ алғаш рет конституциялық деңгейде мемлекеттің стратегиялық даму бағдарлары айқындалды. Олар – адам капиталын дамыту, білім беру, ғылым және инновацияларды Қазақстанның ұзақмерзімді дамуының негізі ретінде айқындау.
Конституция мемлекеттің негізгі заңы ретінде өзінің үстемдігін, ең жоғары заңдық күшке ие екенін және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылатынын бекітеді. Барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер тек Конституция негізінде және оны орындау мақсатында қабылдануға тиіс әрі оған қайшы келмеуі қажет.
Бұған дейін сот төрелігі қағидаттарының қатарында болған заңның уақыт тұрғысынан қолданылуына қатысты нормалар енді конституциялық құрылыс негіздерінің бірі ретінде бекітілді. Сонымен бірге жаңа міндеттер жүктейтін, азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе жауапкершілікті белгілейтін не күшейтетін заңдарға кері күш беруге тыйым салу барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар үшін міндетті талап ретінде айқындалды.
Сондай-ақ конституциялық заңдармен реттелетін мәселелердің тізбесі кеңейтілді. Олардың қатарына "Қазақстан Халық Кеңесінің" құқықтық мәртебесі мен қызметі, елорданың құқықтық мәртебесі, жоғары мемлекеттік билік органдарының ұйымдастырылуы, Конституциялық сот, сот жүйесі, арнайы құқықтық режимдер және мемлекеттік құрылысқа қатысты өзге де мәселелер енгізілді. Бұл аталған салалардың құқықтық реттелуінің тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Жаңа Конституцияға сәйкес "Қазақстан Халық Кеңесі" заң шығару бастамасы құқығына ие халықтың жоғары өкілді органы ретінде құрылды. Бұл қоғамның мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысуын күшейтеді. Сонымен қатар заң шығарушы биліктің жаңа моделі қалыптастырылып, мемлекеттік институттар арасындағы өкілеттіктер қайта бөлінді.
Адам құқықтарын қорғау жүйесі де едәуір жаңартылды. Конституцияда қылмыстық сот ісін жүргізудің негізгі кепілдіктері енді сот қызметінің қағидаттары ретінде емес, бостандығы нақты шектелген сәттен бастап барлық мемлекеттік органдар сақтауға міндетті әрбір адамның ажырамас құқықтары ретінде бекітілді. Олардың қатарында нақты ұсталған сәттен бастап қорғаушының көмегіне жүгіну құқығы, бостандықты шектеуге сот бақылауы, негізсіз ұстауға тыйым салу, үнсіз қалу және өзіне немесе жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы ("Миранда қағидалары"), сондай-ақ кінәсіздік презумпциясы бар.
Сондай-ақ алғаш рет конституциялық деңгейде мемлекеттің мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті, зияткерлік меншік құқығын қорғау, дербес деректерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздікті қамтитын цифрлық құқықтардың кепілдіктері, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың экологиялық жауапкершілігі бекітілді.
Жаңа Конституцияның күшіне енуімен Қазақстан Республикасының Конституциялық соты конституциялық бақылауды жүзеге асыруды жалғастырады. Сот жаңа Конституцияның үстемдігін, оның ең жоғары заңдық күшін қорғауды және конституциялық құндылықтардың бірыңғай түсіндірілуін қамтамасыз етеді.
Жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстан Республикасының конституциялық дамуының жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді. Бұл кезеңде адамның өзі, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы болып қала береді, ал Конституцияның үстемдігі орнықты даму, заңдылық пен әділеттіліктің берік негізі қызметін атқарады.
Қазақстан Республикасының Конституциялық соты еліміздің барлық азаматтарын жаңа Конституцияның күшіне енуімен және Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңінің басталуымен құттықтады.
Жаңа Конституцияның толық мәтінімен арнайы сілтеме арқылы танысуға болады.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
10:43, 1 шілде 2026
Швециямен кездесуде Килиан Мбаппе Франция құрамасын жеңіске жетеледі
-
10:34, 1 шілде 2026
Монакодағы жарылыс: зардап шеккендердің арасында украиналық олигарх бар
-
10:28, 1 шілде 2026
Елена Рыбакина «Уимблдон-2026» турниріндегі алғашқы жеңісіне қатысты пікір білдірді
-
10:16, 1 шілде 2026
Аида Балаева: Жаңа Конституцияға байланысты тағы 18 заңға өзгерістер әзірленуде
-
10:02, 1 шілде 2026
Қостанайда вагонның төбесіне шыққан жасөспірімді тоқ соқты





