Шенеунік Ақтауда белең алғанына бір айдан асқан автогаз тапшылығы қашан жойылатынын айтты

22:46, 20 шілде 2026
MKZ: 1557120

© Сурет: Zakon.kz/Инна Литвиненко

Ақтауда көлік жүргізушілері сұйытылған газ тапшылығына қатысты шағымын жеткізді. Олар соңғы бір айдан бері автогаз құю бекеттерінде ұзын-сонар кептеліс пайда болғанын айтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Газ құю бекеттерінің бірінде сұйытылған газ таусылып қалса, екіншісінде жеткізіп үлгірмей жатыр. Көлігін толтырып алуға үлгергісі келген жүргізушілер газ құю бекеттерінің арасында әрі-бері сенделіп жүр. Кезегін күте-күте сарылған жүргізушілер бұл түйіткілдің түйіні бірнеше аптадан бері тарқамай жатқанын айтады. Кейбір автогаз құю бекеті жабық болса, газ бар бекеттерде бірнеше сағат күтуге тура келеді екен. Тіпті газ сатылып жатқан бекетті іздеудің өзі кейде бірнеше сағатқа созылады екен, деп хабарлайды КТК.

"Кем дегенде кезекте 20 көлік тұрады. Мен жаңа кезекте жарты сағаттай тұрдым. "Маған жете ме" деп сұрайын десем, газ құятын адам жоқ екен. Менің алдымдағы 10-20 көлік босқа тұр екен. Ешкім білмейді".Дамир Жұмахан

Өңірлік кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметінше, қазір аймақта 185 мыңға жуық көлік бар. Оның 104 мыңға жуығы автогаз орнатыпты. Ал олар ай сайын орта есеппен 18 мың тонна сұйытылған газ жағады. Жаз айларында, демалыс науқанның басталуына байланысты Маңғыстауға көршілес облыстардан ағылып жатқан туристер көп. Сол себепті көлік қозғалысы 15-20 пайызға артып, тұтыну көлемі де 2-3 мың тоннаға ұлғайып отыр. Шенеуніктер кейінгі уақытта өңірде шетелден әкелінген көлік саны да артқанын айтады. Мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылуы да осы кезектің пайда болуына тағы бір себеп.

"Қазір көлік кезектерінің басты себептері – Атырау мұнай-өңдеу зауытының маусым айының соңында жоспарлы жөндеу жұмысы. Жоспарлы жөндеу қосымша 1-2 күнге созылып кетті. 20 шілдеден бастап өзінің толық өндіріс көлемінен шықты. Енді осыған байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытынан бөлінетін көлем 18-інен бастап келіп жатыр. Жалпы көлік кезегі келесі айдың аяғына қарай тұрақталады". Сансызбай, Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы

Жауапты мамандар бұл мәселе келер айдың ортасына қарай толық реттелетінін айтты. Ал жарты күні кезек күтумен өтетін көлік жүргізушілері бұл жағдай жыл сайын қайталанбай, "тез шешімін тапса" деп тілейді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!