Қол протезімен скрипка тартатын алғашқы музыкант Гиннестің рекордтар кітабына енді

14:55, 11 қараша 2026
MKZ: 1577190

© Сурет: guinnessworldrecords.com

Жапониялық Манами Ито қол протезінің көмегімен скрипка тартатын әлемдегі алғашқы музыкант атанып, Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Манами Ито бала кезінен скрипкада ойнайды. Алайда 2004 жылы жол-көлік оқиғасынан кейін оң қолынан айырылған. Жақындарының қолдауы мен арнайы жасалған протездің арқасында ол музыкаға қайта оралған. Көпшілік алдында өнер көрсетуге өзіне сенімді болу үшін оған бірнеше жыл қажет болған.

Манами Ито скрипка ысқышын ішектерге жеткілікті күшпен баса алмайтындықтан, қазір виолончельге арналған салмағы ауырлау ысқышты пайдаланады. Сонымен қатар оған қосымша жүк бекітеді.

Музыканттың айтуынша, тек қол протезінің көмегімен дыбыс шығару мүмкін емес. Ол ішектердің көлбеу бұрышын реттеу және дыбыстың күшін өзгерту үшін бүкіл денесін пайдаланады.

"Сол иықтан арқаға қарай тартылған сым оң жақ жауырынның қозғалысы арқылы созылады. Ал протез қолдың буындарын қозғалту арқылы оның ұшына бекітілген ысқышты жылжытып, скрипкада ойнаймын", – деп түсіндірді рекорд иесі.

Итоның өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі – 2021 жылғы тамызда Токиода өткен Паралимпиада ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетуі.

Guinness World Records ресми тізілімінде оның жетістігі "Толық қол протезімен скрипкада ойнайтын алғашқы музыкант" деп аталған.