Қазақстанның Еңбек министрлігі әлеуметтік төлемдерге қатысты маңызды мәлімдеме жасады

12:57, 17 қыркүйек 2026
MKZ: 1567376

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді қалай алуға және алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға болатынын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі Zakon.kz-ке түсіндірді.

Ведомство елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейтінін еске салды. Бұл жүйе белгілі бір әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда азаматтарға төлем жасауды қарастырады. Жұмыс берушілер қызметкерлер үшін әлеуметтік аударымдарды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударады.

Қордың мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-тамыз аралығында 1 млн 64 мың адам әлеуметтік төлем алған. Төлемдердің жалпы сомасы шамамен 527 млрд теңгені құрады.

Әлеуметтік төлемдер мынадай алты жағдайда тағайындалады:

  • еңбекке қабілеттілігінен айырылғанда;
  • асыраушысынан айырылғанда;
  • жұмысынан айырылғанда;
  • жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылғанда;
  • жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылғанда;
  • бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылғанда.

Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілерде азаматтарға әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге немесе олардың мерзімін ұзартуға көмектесуді ұсынатындар бар екенін ескертті. Мұндай қызметтер үшін делдалдарға жүгінудің және ақша төлеудің қажеті жоқ.

Сондай-ақ қазақстандықтарға әлеуметтік төлем алу үшін жалған еңбек қатынастарын рәсімдеуге немесе шындыққа жанаспайтын мәліметтер ұсынуға келіспеу қатаң ескертілді. Төлемнің заңсыз алынғаны анықталса, қаражат мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал көрінеу жалған мәліметтерді қасақана ұсынғаны үшін жауапкершілік көзделуі мүмкін.

Мәселен, 2025 жылы еліміздің 12 өңірінде әлеуметтік төлемдерді заңсыз алуға байланысты 30-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Бес өңірде жеті сот үкімі шығарылды. Ведомствоның мәліметінше, кейбір азаматтар мұндай заңсыз әрекеттерге әлеуметтік желілердегі хабарландырулар арқылы тартылған.


"Төлемдерді рәсімдеу кезінде бөгде адамдарға жеке куәлік пен банк картасының деректерін, SMS арқылы келген кодтарды, электрондық цифрлық қолтаңба туралы мәліметтерді және өзге де құпия ақпаратты беруге болмайды. Әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың өзекті шарттары мен тәртібі туралы ақпаратты министрліктің, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми ресурстарынан және eGov порталынан білуге болады. Сондай-ақ 1414 нөмірі арқылы кеңес алуға мүмкіндік бар", – деп мәлімдеді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін ведомство Қазақстанда қандас мәртебесін немесе тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде нені білу маңызды екенін егжей-тегжейлі түсіндірген еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!