2027 жылдың басы әлі де күрделі болмақ: Дания Еспаева үш жылдық бюджет жобасы туралы

14:19, 17 қыркүйек 2026
MKZ: 1567383

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева 2026 жылғы 17 қыркүйекте елдің үш жылдық бюджет жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Дания Еспаеваның айтуынша, 2027-2029 жылдар бюджет тапшылығын қысқарту және мұнай кірістеріне тәуелділікті біртіндеп төмендету арқылы қатаң бюджеттік саясатқа көшу кезеңі ретінде белгіленген.

"Алайда 2027 жылдың басы әлі де күрделі болмақ. 2027 жылға арналған бюджет іс жүзінде ешқандай беріктік қоры жоқ жағдайда қалыптастырылған: шығыстар 30,2 трлн теңгені, яғни шекті деңгейдің 100%-ын құрайды. Ал бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 2,3%-ы деңгейінде, бұл – жол берілетін ең жоғары көрсеткіш", – деді ол.

Ол 2027 жылға арналған талдамалық есептегі деректерді келтірді. Құжатта қолайсыз сценарийлер жүзеге асқан жағдайда бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгеден 5,6-6,5 трлн теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін екені көрсетілген.

"Осы ретте Үкімет бюджет көрсеткіштерін белгіленген шекте қалай ұстап тұруды жоспарлап отыр деген заңды сұрақ туындайды. Бюджеттің меншікті кірістері жеткілікті қарқынмен өспей отыр: олардың көлемі 19,9 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің небәрі 10%-ын құрайды. 2027 жылғы өсімнің едәуір бөлігі 2026 жылы төмендеген кірістерді қалпына келтіруге байланысты. Қарыз жүктемесі даму саясатын ығыстыра бастады: қарызды өтеу мен оған қызмет көрсету шығындары меншікті кірістердің 40,6%-ына жетті", – деді Дания Еспаева.

2026 жылғы 25 тамызда Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ұлттық қордағы қаражаттың жинақталуына қатысты болжамын жариялаған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!