Қазақстандықтар үшін маңызды мобильді қосымшаларға тәулік бойы тегін қолжетімділік қамтамасыз етіледі
© Фото: pexels
2026 жылғы 19 маусымдағы "ҚР телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға Мемлекет басшысы қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жаңа түзетулерге сәйкес, енді ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт абоненттің биометриялық аутентификациясынсыз жасалмайды.
Сонымен қатар байланыс операторы желідегі жоспарлы жұмыстар немесе апаттық жағдайларға байланысты қызметтің уақытша тоқтатылуы туралы абонентті қолжетімді тәсілмен хабардар етуге міндетті.
Операторлар тарифтің көтерілуі жоспарланған жағдайда абоненттерге кемінде 60 күн бұрын SMS арқылы және өз ресми интернет-ресурсында хабарлауы тиіс.
Заңға сәйкес, Қазақстан аумағына жеке пайдалану үшін әкелінген мобильді құрылғыларды бір жыл ішінде екіден артық тіркеуге (верификациялауға) рұқсат етілмейді.
Ұялы телефондарды верификациялау, тіркеу және қайта тіркеу бекітілген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады және абонент үшін тегін болады.
Егер абонент нөмірді немесе құрылғыны үшінші тұлғаға тұрақты пайдалануға берсе, оны міндетті түрде сол адамның атына қайта рәсімдеуі қажет.
Бұдан бөлек, операторлар қоңырау шалушы абонент туралы ақпаратты қабылдаушы құрылғыға жеткізуге міндеттеледі.
Сондай-ақ ұялы байланыс операторлары әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар мобильді қосымшаларға барлық пайдаланушылар үшін тәулік бойы және ақысыз қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс.
Телефон сатушылары құрылғыны сату кезінде оның бірегей сәйкестендіру кодтарын құжаттарда көрсетуге міндетті болады.
Сонымен қатар сатушы құрылғыны сатпас бұрын оның сәйкестендіру кодтарын арнайы деректер базасы арқылы тексеріп, бұғатталмағанына көз жеткізуі тиіс.
Электрондық сауда платформаларының иелері сатушы мен маркетплейс арасындағы шарттарға ұялы байланыс құрылғыларын сату алдында олардың сәйкестендіру кодтарын арнайы деректер базасы арқылы тексеру міндетін енгізеді.
Сонымен қатар сатушылар сатып алушыға құрылғының идентификациялық кодын ұсынып, оның верификация мәртебесін тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.
Қазақстан аумағында қызмет ететін байланыс операторлары мен желі иелері мемлекеттік радиожиілік қызметіне абоненттік құрылғылар туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті. Бұл бірдей идентификациялық кодтары бар құрылғыларды анықтау және олардың бір уақытта желіде жұмыс істеуін болдырмау мақсатында жүзеге асырылады.
Ұялы сигнал күшейткіштерін тек байланыс саласында лицензиясы бар операторлар ғана әкеле алады.
Спутниктік байланыс операторлары абоненттік құрылғыларды басқару пультіне ие болуы және Қазақстанның телекоммуникациялық желілеріне қосылу нүктесін құруы тиіс. Бұл тәртіп уәкілетті орган мен ҰҚК келісімі бойынша белгіленеді.
Байланыс операторларына және телекоммуникация желілерінің иелеріне заңсыз трафикті (фродты) өткізуге және байланыс желілерін заңсыз пайдалануға тыйым салынады.
Сондай-ақ операторларға автоматтандырылған қоңырауларды өткізуге шектеу қойылады.
Атап айтқанда, келесі түрдегі қоңырауларға жол берілмейді:
- абонентті аутентификациялау немесе идентификациялау кодтарын жеткізу үшін жасалатын қоңыраулар (бірінші қоңыраудан кейін бірден тоқтатылатын қоңырауларды қоса алғанда);
- алдын ала жазылған дауыстық хабарламалар, егер олар операторлармен жасалған шартта көзделмесе.
Байланыс операторлары өз желілерінде қолданылатын күдікті нөмірлер мен алаяқтық трафик белгілері туралы ақпаратпен алмасуға міндетті.
"Интернет заттар" (IoT) желілері Қазақстанның бірыңғай телекоммуникация жүйесінің құрамдас бөлігі болып танылады және олар байланыс, интернет, ұялы және спутниктік желілермен біріктіріледі.
Халықаралық және қалааралық дауыстық трафик тек өзара әрекеттесетін абоненттік желілер арасында өткізілуі тиіс.
Заң 2026 жылғы 20 тамыздан бастап күшіне енеді, ал кейбір нормалар 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қолданылады.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
11:49, 22 маусым 2026
Бразилияда 30 миллион адамға жалған «шұғыл ескерту» жіберілді
-
11:37, 22 маусым 2026
Алматы әкімдігі: қала мүлкін бүлдіргендерге айыппұл немесе қылмыстық жаза қарастырылған
-
11:26, 22 маусым 2026
Бас прокуратура: ұшуға кедергі келтіретін лазер мен дрондар заңмен жазаланады
-
11:16, 22 маусым 2026
Түркістан облысында ҰҚК кедендегі делдалдықпен айналысқан қылмыстық топты әшкереледі
-
11:09, 22 маусым 2026
Шымкентте интернет-алаяқтар тобының жолы кесілді





