Қазақстандықтар Қатарда жұмыс істей алады: келісім күшіне енді

09:33, 18 желтоқсан 2025

© Сурет: gov.kz

Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы қазақстандық азаматтарды Қатарда жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді іске асыру үшін барлық ішкі мемлекеттік рәсімдердің орындалғанын растайтын жазбаша хабарламаны Қатардың СІМ дипломатиялық арналар арқылы жолдады,деп хабарлайды Zakon.kz.

Осылайша, аталған келісім күшіне енді.

Құжат 2024 жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысының Доха қаласына ресми сапары барысында қол қойылған болатын. 2025 жылы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің екі палатасында мақұлданып, 20 қазанда Президенттің қол қоюымен бекітілді.

Келісім Қазақстан азаматтарының Қатарда қауіпсіз әрі ашық жағдайда жұмысқа орналасуына, сондай-ақ олардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бұл құжат мамандарды іріктеуге өтінім алмасудың нақты тәртібін, олардың біліктілігін тексеру және еңбек шарттарын жасасу қағидаларын айқындайтынын атап өтті.

Келісімге сәйкес, қазақстандық жұмысшыларға үлгілік еңбек шарты негізінде келесі әлеуметтік және еңбек кепілдіктері беріледі:

  • жолақы, тұрғын үй және медициналық қызмет шығындарын төлеу;
  • еңбек жағдайларының, демалыс пен еңбекақының нақты белгіленуі;
  • еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда қызметкерлердің мүдделерін қорғау.

Келісім нормаларының орындалуын бақылау үшін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Еңбек министрлігі өкілдерінен бірлескен комитет құрылады.

Қатарлық жұмыс берушілер ұсынатын барлық бос жұмыс орындары migration.enbek.kz порталында орналастырылады. Бұл Қазақстан азаматтарына Қатар Мемлекетінде жұмыс істеу мүмкіндіктеріне ашық әрі ресми қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек қызметін реттеу және еңбекші мигранттардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Корея Республикасымен, Сауд Арабиясымен, Біріккен Араб Әмірліктерімен, Словакиямен, Жапониямен, Швециямен, Италиямен, Норвегиямен, Польшамен, Чехиямен, Румыниямен және Финляндиямен ұқсас меморандумдар мен келісімдер жасасу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша шетелде шамамен 156,7 мың қазақстандық еңбек етіп жүр.

Қазақстан азаматтарының ең көбі Ресейде (128,8 мың адам), Кореяда (15,2 мың адам), Польшада (2,6 мың адам) және Ұлыбританияда (1,4 мың адам) жұмыс істейді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!