Қазақстандық жол көлік оқиғасында өзінің кінәсіздігін дәлелдеп, 3,5 млн теңгеге жуық өтемақы өндірді

17:03, 28 тамыз 2024

© Фото: Zakon.kz

Ақтөбеде отбасының қайтыс болуына әкелген ЖКО жасады деп айыпталған әйел өзінің кінәсіздігін дәлелдеп, моральдық зиян өтемақысын алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақтөбе қаласы №3 сотына қылмыстық қудалаумен келтірілген моральдық зиян мен адвокат еңбегін төлеуге жұмсалған шығындарды өндіру туралы талап қою арызымен азаматша жүгінді.

Соттың ақпаратынша, Әйтеке би аудандық сотының үкімімен талап қоюшы ақталып, оған қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тарту салдарынан келтірілген зиянді өтеу құқығы танылды.

"Қылмыстық іс шеңберінде оған жолдың қарсы бағытына шығып, жүк көлігімен соқтығысты деген айып тағылған болатын. Соқтығыс нәтижесінде Ж. автокөлігінде болған жолаушылар қайтыс болған. Қылмыстық істі қарау нәтижесінде сот Ж.-ға тағылған екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы қағидаларын бұзу айыбы бойынша кінәсіз деп таныды",- деп хабарлады сот.

Талап қоюшыға қылмыстық іс шеңберінде «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат» бұлтартпау шарасы қолданылған.

"Сот талап қоюшының қозғалыс еркіндігі шектеулі болғанын, болған оқиғада отбасынан, оның ішінде үш кәмелетке толмаған баласынан айырылғанын, басынан өткен моральдық азаптарын ескере отырып, Ж.-ның пайдасына 2 000 000 теңге моральдық зиян және қылмыстық іс жүргізу кезінде адвокаттың еңбегін өтеуге есебіне 1 300 000 шығындарын өндірді".Ақтөбе қаласы №3 сотының баспасөз қызметі

Аталмыш жол көлік оқиғасы 2023 жылғы 21 ақпанда Самара – Шымкент автожолының 938 шақырымында орын алды. Mitsubishi Montero Sport көлігі қарсы жолаққа шығып, Volvo жүк көлігімен соқтығысқан. Mitsubishi - ді басқарған 29 жастағы әйел ауруханаға түсті. Жолаушылар - 31 жастағы отбасы басшысы және үш кәмелетке толмаған бала (2017, 2015 және 2020 жылы туған) алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болды. Қылмыстық іс қозғалды, оның аясында джип жүргізушісі сотқа тартылды. 2024 жылдың 26 наурызында сот оның іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты оны ақтады. Сотта Mitsubishi қарсы жолаққа шықпағаны анықталды. Керісінше Volvo жүк көлігі жанармай таситын көлікті басып озуға тырысып қарсы бетке өткен.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!