Қазақстанда жүктілік пен босануға байланысты біржолғы төлемнің ең жоғары мөлшері аталды

15:13, 28 шілде 2026
MKZ: 1558428

© Фото: pexels

Жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемнің орташа және ең жоғары мөлшерін "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ Алматы қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Балғын Сәтбекқызы атады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мәліметке сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыда 94 мыңнан астам адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алған. Қала тұрғындарын қолдауға 48,5 млрд теңге бағытталды. Бұл қаражаттың басым бөлігі жүктілік пен босануға, сондай-ақ бала күтіміне байланысты төлемдерге жұмсалған.

"2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жүктілік пен босануға байланысты тағайындалған әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері шамамен 1,4 млн теңгені құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1,6 млн теңге болды. Осылайша былтырғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда төлемнің орташа мөлшері 254,9 мың теңгеге немесе 15,5%-ға төмендеді", – деді Балғын Сәтбекқызы бүгін, 28 шілдеде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бұл төмендеу заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты. Өзгерістерге сәйкес, орташа айлық табыстың ең жоғары мөлшері ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшері, яғни 595 мың теңге деңгейінде белгіленген.

Төлем мөлшері әр адамға жеке есептеледі. Ол соңғы 12 айда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, сондай-ақ жүктілік пен босануға байланысты демалыстың ұзақтығына тәуелді.

"Қазіргі уақытта жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері 2 млн 499 мың теңгеден аспайды", – деп атап өтті Балғын Сәтбекқызы.

2026 жылғы 6 наурызда "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлем туралы түсіндіріп, оны алуға үміткерлердің "электрондық үкімет" порталы арқылы өтініш беру жолын көрсеткен еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!