Қазақстанда такси жүргізушілеріне қойылатын талаптар күшейтіледі

15:23, 22 қыркүйек 2026
MKZ: 1568224

© Фото: pexels

Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылғы 22 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында такси жүргізушілеріне қойылатын талаптарды атап, жеке тасымалдаушылардың қызметін қосымша реттеуді тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Ең алдымен Үкімет басшысы Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімін жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке компаниялардың платформаларымен интеграциялау жұмысын жедел аяқтауды тапсырды.

"Жүргізушілерді жұмысқа қабылдау кезінде оларды іріктеуге де назар аудару қажет. Такси агрегаторлары жұмысқа тәжірибелі әрі көлік жүргізу тарихы оң жүргізушілерді ғана қабылдауға тиіс. Бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған және құқық бұзушылығы көп адамдар такси жүргізушісі болып жұмысқа қабылданбауы керек", – деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, жолаушы тасымалдайтын көліктердің техникалық жағдайын да ескеру қажет. Сондай-ақ такси жүргізушілерінің белгіленген жұмыс уақытынан артық еңбек етуіне жол бермеу керек.

"Көлік министрлігіне "Атамекен" палатасымен бірлесіп, жеке таксилердің қызметін ретке келтіру бойынша қосымша шаралар қабылдауды және олардың қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруды тапсырамын. Мұның бәрі нормативтік құжаттарда нақты реттелуге тиіс. Ішкі істер министрлігі заңсыз тасымалдаушыларды анықтау шараларын тұрақты түрде жүргізсін", – деді Премьер-министр.

Бұған дейін Қазақстанда жүргізушісіз таксилердің қашан іске қосылатыны белгілі болған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!