Алматыда автобус бағыттарының қысқаруына қатысты дау туындады
© Фото: Zakon.kz
Әлеуметтік желіде Алматы әкімдігінің қоғамдық көлік тасымалдаушыларға қомақты көлемде берешегі бары және осыған байланысты автобус парктері бағыттарға шығатын автобустар санын қысқартатыны туралы ақпарат тарады. Әкімдік жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
2026 жылғы 2 қарашада тараған хабарламада автобус парктері Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының атына жолдаған өтінішінде қалалық бағыттар бойынша әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалына берілетін субсидиялардың жүйелі түрде кешіктіріліп жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірген.
Олардың мәліметінше, бұл жағдай тасымалдаушылардың қаржылық ахуалын едәуір нашарлатып, жанармай, қосалқы бөлшектер және басқа да қажетті ресурстарды жеткізушілер алдындағы берешектің жиналуына әкелген.
"Осыған байланысты субсидиялар бойынша берешек өтелмеген жағдайда, 2026 жылғы 2 қарашадан бастап тасымалдаушылар қалалық және қала маңындағы бағыттарға жоспарланған автобустардың санын 30%-ға дейін қысқартуға мәжбүр болатынын ресми түрде хабарлаймыз", – делінген хабарламада.
Редакция жағдайға қатысты түсініктеме алу үшін Алматы қаласының әкімдігіне сауал жолдады.
"Алматы қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы тасымалдаушыларға субсидиялардың қалған бөлігін төлеуден бас тартпайды. Бұл мәселе қала бюджетін кезекті нақтылау кезінде қарастырылады", – делінген әкімдік жауабында.
Ведомствоның хабарлауынша, 2026 жылдың басынан бері бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мақсатында субсидиялау көлемін кезең-кезеңімен оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
"Атап айтқанда, жолаушылар ағыны ескеріле отырып, жекелеген автобус бағыттарының қозғалыс кестесі түзетілді. Жыл бойы субсидиялау бойынша есеп айырысу бұрын қолданыста болған және түзетілген қаржыландыру көлеміне сәйкес жүргізілді. Сонымен қатар маршруттар желісіне, автобустардың толымдылығына және нақты жолаушылар ағынына талдау жасалып жатыр. Жол ақысын төлеу деңгейін арттыру және жолаушыларды есепке алу дәлдігін жақсарту үшін бірыңғай бақылау-желілік қызметін енгізу жұмыстары да жүргізілуде", – деп толықтырды басқарма өкілдері.
Сонымен қатар тасымалдаушыларға бекітілген жоспарға сәйкес автобустарды бағыттарға толық көлемде шығаруды қамтамасыз ету қажеттігі туралы хабарлама жолданған.
"Қабылданып жатқан шаралар қоғамдық көліктің қолжетімділігі мен сапасын сақтай отырып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған", – деп түйіндеді басқарма.
Еске салайық, 28 қазанда Алматыда автобус бағыттарының қозғалыс кестесі өзгеретіні белгілі болған еді. Күндіз жолаушылар саны аз болғандықтан, автобустар саны қысқартылып, таңертең және кешкі уақытта олардың қатынау жиілігі арттырылатыны хабарланған.
Сондай-ақ қала билігі қарбалас уақытта жолаушылардың 40%-дан астамы жол ақысын төлемейтінін мәлімдеген болатын. Осыған байланысты нақты жолаушылар ағынын анықтау қиынға соғып отыр.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:56, 3 қараша 2026
Қазақстандық жасанды интеллект әлемдік нарыққа шықты: отандық әзірлеушілер инвесторлардың назарын аударды
-
16:47, 3 қараша 2026
Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі: қазақстандықтардың қайсысының табысы артады
-
16:33, 3 қараша 2026
Ақмола облысында жол жөндеуге бөлінген 78 млн теңге жымқырылған
-
16:12, 3 қараша 2026
Қазақстандық кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық
-
15:52, 3 қараша 2026
3 қарашадағы сауда-саттықта доллар бағамы төмендеуін жалғастырды






