Қазақстанда нотариустардың қызметіне бақылау күшейтіледі

13:17, 29 маусым 2026

© Фото: freepik

Сенат депутаттары 2026 жылғы 29 маусымда нотариат қызметі және заң көмегін көрсету мәселелері бойынша заңға енгізілетін түзетулерді екі оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, нотариат институты азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, сондай-ақ білікті заң көмегін көрсетуді қамтамасыз ететін құқықтық жүйенің маңызды бөлігі болып табылады.

Ол нотариустардың қызметі заңдық күші бар және сотта қосымша дәлелдеуді қажет етпейтін құжаттарды рәсімдеумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Бұл, ең алдымен, азаматтардың мүліктік құқықтарын, дербес деректерін және өзге де заңды мүдделерін қорғауға қатысты.

Сенатордың мәліметінше, Республикалық нотариаттық палатаның деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 4691 нотариус жұмыс істеп, олар 11,3 миллион нотариаттық әрекет жасаған.

"Бұл нотариат институтының қоғам өміріндегі маңызды рөлін және оның қызметіне деген жоғары сұранысты көрсетеді", – деді Нұрлан Бекназаров.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы айқындаған реформалар аясында мемлекеттік және қоғамдық институттардың қызметін цифрландыруға, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Сондықтан нотариат жүйесін заманауи талаптарға бейімдеу, оның құқықтық реттелуін жетілдіру, қызметінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету және қоғамның сенімін нығайту құқықтық мемлекеттің маңызды көрсеткіштерінің бірі саналады.

Заң нотариат саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.

Құжатта:

  • нотариат қызметінің заңнама талаптарына сәйкестігін мемлекеттік бақылау тәртібі;
  • әділет органдарының өкілеттіктері;
  • нотариат қызметін одан әрі автоматтандыру;
  • ақпараттық қауіпсіздікті күшейту;
  • нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде мүдделер қақтығысы мен аффилирлену тәуекелдерінің алдын алу мәселелері қарастырылған.

Сонымен қатар атқарушылық жазба жасау рәсімін жетілдіру мақсатында нотариусқа ұсынылатын борышкердің берешегін жазбаша мойындауына қойылатын талаптар нақтыланды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда нотариустарды лицензиясынан айыру тәртібін жеңілдету жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!