Қазақстанда мерекелер мен атаулы күндерге арналған біржолғы төлемдердің ең төменгі мөлшері белгіленді

18:13, 4 мамыр 2026

© Фото: Zakon.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәслихаттардың шешімдері негізінде азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру жұмысының аралық қорытындыларын шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Белгілі болғандай, бұл мәселе 2026 жылғы 4 мамырда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.

"Қазіргі таңда өңірлерде әлеуметтік көмектің түрлері мен көлемі әртүрлі бекітіледі, бұл ең алдымен жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне байланысты. Осыған орай Үкімет біржолғы төлемдердің ең төменгі шегін белгіледі. Енді мерекелік және атаулы күндерге берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері 2,5 айлық есептік көрсеткіштен төмен болмауы тиіс".ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Министрлік табысы төмен азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшері енді тікелей ең төменгі күнкөріс деңгейімен байланыстырылатындығын атап өтті.

"Соған сәйкес күнкөріс деңгейі артқан сайын әлеуметтік көмек көлемі де автоматты түрде ұлғайып отырады",- делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, әлеуметтік көмектің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оның түрлері, көлемі мен көрсету шарттары кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіріліп, "Е-Собес" ақпараттық жүйесіне енгізілуде екені атап өтілді.

Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Абдырахманованың айтуынша, мәслихат шешімдеріне өзгерістер енгізу жұмыстары аяқталуға жақын. Қалалар мен аудандардың басым бөлігінде тиісті шешімдер қабылданған. Жалпы алғанда, жүргізіліп жатқан жұмыс жүйелі сипатқа ие және әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Министр қалған өңірлерде мәслихаттардың шешімдерін қабылдау барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!