Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлық үшін ақшалай сыйақы берілмейді

16:47, 23 шілде 2026
MKZ: 1557652

© Фото: pexels

ҚР ДСМ қарасты Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Сейітқазинов қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін ағзасын донорлыққа беруге келісім берген азаматтардың туыстарына материалдық сыйақы төлеу қарастырылмаған.

"Әлемдік тәжірибеде донорлық тегін әрі өтеусіз жүзеге асырылуы тиіс деген қағида қалыптасқан. Қазақстан да осы ұстанымды басшылыққа алады. Сондықтан бүгінгі күні донорлыққа келісім берген азаматтардың туыстарына материалдық ынталандыру көзделмеген", – деді Айдар Сейітқазинов 2026 жылғы 23 шілдеде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен бірге ол мемлекет мұндай азаматтардың жақындарына моральдық қолдау көрсететінін атап өтті.

"Біз туыстарына Денсаулық сақтау министрлігінің атынан алғыс хаттар табыстаймыз. Сондай-ақ өңірлерге арнайы грамоталар жолдап, олардың игі шешімі үшін министрлік атынан ризашылығымызды білдіреміз", – деді Айдар Сейітқазинов.

Еске салайық, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім бергенін мәлімдеген болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!