Қазақстанда әуежай маңындағы қоқыс полигондары мен құстар авиацияға қауіп төндіріп отыр

16:25, 19 мамыр 2026

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Майкл Дэниел 2026 жылғы 19 мамырда өткен Үкімет отырысында ұшу қауіпсіздігіне қатысты негізгі тәуекелдерді атады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, Атырау, Семей, Өскемен, Көкшетау, Балқаш және Үржар әуежайларының маңында орналасқан қоқыс полигондары құстардың көп жиналуына себеп болып, әуе кемелерінің құстармен соқтығысу қаупін арттырады. Бұл жағдай әуе компанияларының жұмысын да шектейді.

"2025 жылы әуе кемелерінің құстармен 280 соқтығысу фактісі тіркелді, ал ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында – 33 жағдай болды. Мысалы, Атырау әуежайының жанындағы қоқыс полигонына жиналған құстар ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіреді", – деді ол.

Сонымен қатар ол әуежайлар маңында кедергілердің көбеюі мен жер телімдерінің мақсатсыз пайдаланылып жатқанын да атап өтті.

"Алматы әуежайының маңында шамамен 160 кедергі анықталды, ал Шымкент әуежайы аумағында 150-ден астам кедергі бар. Бұл мәселені шешу үшін әуежайға жақын аумақтарды аймақтарға бөлу схемалары әзірленіп, әкімдіктерге жолданды. Алайда көп жағдайда бұл схемалар әлі де болса елді мекендердің бас жоспарларына енгізілмеген. Соның салдарынан әуежайларға жақын жерде жаңа нысандар мен кедергілер пайда болуын жалғастырып отыр", – деді спикер.

Оның айтуынша, бұл мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдармен өзара жұмысты күшейту қажет. Бұл ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және әуежайлардың тұрақты дамуының маңызды шарты болып қала береді.

Бұған дейін АҚШ мен Жапонияға тікелей рейстер қашан ашылатындығын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!