Қазақстанда еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қауіпсіздігі талаптары күшейтіледі

16:39, 4 ақпан 2026

© Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

2026 жылғы 4 ақпанда Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар еңбек қауіпсіздігін жетілдіру және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжат Сенаттың қарауына жолданды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Заң жобасына берілген қорытындыда оның Қазақстан Республикасының еңбеккерлердің құқықтарын қорғау бөлігіндегі заңнамасын жетілдіру мақсатында әзірленгені және еңбек қауіпсіздігін басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталғаны көрсетілген.

Заң жобасында төмендегідей бағыттар бойынша құқықтық нормалар көзделген:

  • еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның қызметкерлерге диеталық емдік және профилактикалық тағам өнімдерін беру тәртібін бекіту жөніндегі құзыретін кеңейту;
  • ұйымдағы белгілі бір кәсіп пен лауазым бойынша ең төменгі және ең жоғары жалақы мөлшерлерінің арасындағы рұқсат етілген арақатынасты ұжымдық шартта белгілеу;
  • келісу комиссиясының жұмысына делдалды тарту;
  • егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шартта еңбек қызметіне тән кемінде бір белгі болса, жеке тұлғамен мұндай шарт жасасуға тыйым салу.

Атап айтқанда, заң жобасы арқылы Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау қағидаларын бекіту жөніндегі құзыреттер енгізіледі.

Заң жобасын қарау барысында депутаттар келесі түзетулерді ұсынды:

  • ұжымдық шартқа еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезінде төленетін жәрдемақылар мен өтемақыларды қарастыратын нормаларды енгізу;
  • еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маманның тікелей ұйымның бірінші басшысына бағынуын белгілеу. Бұл еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершілікті ұйым басшысының өзіне бекітуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Үкіметтің бастамасымен заң жобасына мынадай нормалар енгізілді:

  • Қазақстан Республикасының "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңына әлеуметтік қорғау саласындағы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету қызметін лицензиялау мәселелері бойынша түзету;
  • Қазақстан Республикасының "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңына мәслихаттардың "Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыретін кеңейту (бұл қағидалар мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік ережелер негізінде әзірленеді);
  • ереуіл өткізу кезеңінде тоқтатуға болмайтын өндіріс түрлерін нақтылауға бағытталған нормалар.

Сонымен бірге Конституциялық соттың нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізіліп, жұмыс істемейтін әкенің кәмелетке толмаған балаларды күту уақыты жасына байланысты зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептелетіні нақтыланды.

Айта кетейік, бұл заң жобасы 2025 жылғы 19 қарашада Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!