Қазақстанда БҰҰ өңірлік орталығы ашылады

11:13, 11 маусым 2026

© Фото: senate.parlam.kz

Сенат депутаттары ҚР Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) арасындағы Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Белгілі болғандай, заң Қазақстан Республикасының аумағында Біріккен Ұлттар ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құруға және оның жұмыс істеуіне бағытталған келісімді ратификациялауды қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.

"Өңірлік орталық орнықты даму мақсаттарын іске асыру бойынша өңірлік үйлестіруді күшейтуге, техникалық көмек, тәжірибе алмасу және талдамалық қолдау бағдарламаларының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен және өңір мемлекеттерімен ынтымақтастығын нығайтуға арналған. Келісім Өңірлік орталықтың құқықтық мәртебесін, оны Қазақстан Республикасының аумағында орналастыру мен оның қызметінің тәртібін, ұлттық билік органдарымен өзара іс-қимыл тетіктерін, Орталық персоналының болуы мен қызметінің режимін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың қаржылық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды",- делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, құжат Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның қажеттіліктеріне бағдарланған орнықты даму, климаттық орнықтылық, инклюзивті экономикалық өсу, әлеуметтік саясат және гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы бірлескен бағдарламаларды іске асыру үшін құқықтық негіз құруға бағытталған.

"Заңның қабылдануы Қазақстан Республикасының аумағында Өңірлік орталықтың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтауға, Келісімнің ережелерін толық көлемде қолдануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен және өңірлік бастамалар бойынша әріптестерімен көпжақты ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады",- деп жазылған құжатта.

Сонымен қатар, сенаторлар "Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму саласындағы мақсаттар бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының өңірлік орталығына қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы"ілеспе заңды қабылдады.

Меморандумның өзі Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құруды көздейді.

Орталық жыл сайынғы жұмыс бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады, ал оның қызметін консультативтік кеңес пен Халықаралық консультативтік комитет үйлестіретін болады. Бағдарламаларды іске асыру үшін Қазақстан БҰҰ-ға 2025-2029 жылдар кезеңінде жыл сайын 3 млн доллардан бөлуді жоспарлап отыр. Құжатты ратификациялау өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.

Бұған дейін қазақстандық қоғам қайраткері, Сенаттың бұрынғы депутаты Ләззат Қалтаева Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі болғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!