Қазақстанда банктердің арнайы жарна төлеу қағидалары бекітілді

13:53, 10 тамыз 2026
MKZ: 1560524

© Фото: Zakon.kz

2026 жылғы 31 шілдеде Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесе отырып Қазақстанда банктердің арнайы жарна төлеу қағидаларын бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Енді жүйелік маңызы бар банк қиындыққа тап болып, ол мемлекет қаржысынан реттелсе, сол шығынды кейін басқа банктер арнайы міндетті жарналар арқылы өтеуі тиіс болады.

Ол үшін уәкілетті орган мен Ұлттық банк жүйелік маңызы бар банктітің қаржылық мәселесін реттеу кезінде Үкімет немесе ұлттық басқарушы холдинг пайдаланған республикалық бюджетті немесе өзге де мемлекеттік қаражатты өтеу туралы бірлескен шешім қабылдайды. Шешім Үкімет немесе ұлттық басқарушы холдинг ұсынған шығынның төңірегінде жүзеге асады. Бұл ақпарат банктер мен Қазақстан Республикасының аумағында қызметін ететін бейрезидент банк филиалдарының өтеуі тиіс қаражат көлемін айқындау үшін қажет.

Өтелетін сома мемлекет жүйелік маңызы бар банктің акцияларын сатып алған және кейін оларды жаңа инвесторға сатқан бағалардың айырмасы негізінде есептеледі.

Яғни, уәкілетті орган мемлекетке қанша қаражат қайтарылуы керек екенін есептейді. Содан кейін сол есепке сүйене отырып, банктер қанша және қалай төлеу керектігі көрсетілген шешім жобасын дайындап, оны Ұлттық банкке қарауға жібереді.

Шешімде мынадай мәліметтер көрсетілуі тиіс:

  • өтелуі тиіс қаражат сомасы;
  • шығынды өтеу туралы шешім қабылданған жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша банктер мен бейрезидент банк филиалдарының міндеттемелерінің жиынтық сомасы;
  • әрбір банктің міндетті ақшалай жарнасының мөлшері;
  • міндетті ақшалай жарнаны төлеу мерзімі.

Ұлттық банк ұсынылған материалдарды қарайды және ескертулер болмаған жағдайда бірлескен шешімнің жобасына қол қояды немесе ескертулерді жою үшін оны уәкілетті органға қайтарады.

Бірлескен шешім жобасын пысықтау қажет болған жағдайда, уәкілетті орган ескертулерді алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жобаны пысықтап, оны Ұлттық банкке қайта жолдайды.

Бірлескен шешім жүйелік маңызы бар банктің немесе тұрақтандыру банкінің акцияларын Үкімет немесе ұлттық басқарушы холдинг жаңа инвесторға сатқаннан кейін 3 ай ішінде қабылданады.

Банктердің жүйелік маңызы бар банкті реттеу нәтижесінде туындаған залалды өтеу үшін төлейтін міндетті ақшалай жарналарының жылдық жалпы мөлшері банктер мен бейрезидент банк филиалдарының жиынтық міндеттемелерінің 0,2%-ынан аспайды.

Бір банк немесе бейрезидент банк филиалы үшін міндетті ақшалай жарнаның жылдық шекті мөлшері шығынды өтеу туралы шешім қабылданған жылдың 1 қаңтарынан бастап міндеттемелердің 0,2%-ы мөлшерінде белгіленеді.

Егер өтелуі тиіс қаражат сомасы банктер мен бейрезидент банк филиалдарының міндеттемелерінің жиынтық сомасының 0,2%-нан асып кетсе, міндетті ақшалай жарналар жыл сайын төленеді. Төлемдер өтелуі тиіс қаражат толық өтелгенге дейін жалғасады.

Уәкілетті орган шығынды өтеу туралы шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде банктер мен Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын бейрезидент банктер филиалдарына міндетті ақшалай жарнаның мөлшері мен оны төлеу мерзімі туралы жазбаша хабарлама жібереді.

Өз кезегінде банк немесе Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын бейрезидент банк филиалы хабарламаны алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде міндетті ақшалай жарнаның көрсетілген мөлшерімен немесе оны төлеу мерзімімен келіспейтіні туралы дәлелді жауап жолдауға құқылы.

Міндетті ақшалай жарналар банктер мен Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын бейрезидент банктер филиалдары тарапынан Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында Бірыңғай қазынашылық шотына хабарлама келген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде аударылады.

Егер жарнаны бірден төлеу банкке белгіленген нормативтер мен лимиттерді бұзу қаупін тудырса, банк төлем мерзімі аяқталғанға дейін оны 6 айға дейін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді сұрап, уәкілетті органға өтініш бере алады.

Жарнаны кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу тәртібін, мерзімі мен төлем кестесін уәкілетті орган белгілейді. Бұл туралы банкке шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жазбаша түрде хабарланады.

Айта кетейік, бірлескен қаулы 17 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!