Қазақстанда балаларға арналған жәрдемақыларды тағайындау ережелері өзгерді

10:50, 4 маусым 2026

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы бұйрығымен бала тууға байланысты берілетін, бала күтімі бойынша, көпбалалы отбасыларға арналған және марапатталған аналарға төленетін жәрдемақыны тағайындау және төлеу қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, бала тууға және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш беруші Мемлекеттік корпорация, электрондық үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің цифрлық сервистері арқылы өтініш береді және мемлекеттік қызмет көрсету талаптарына сәйкес қажетті құжаттарды ұсынады.

Алайда проактивті қызмет арқылы жәрдемақы тағайындалған жағдайда өтініш берудің қажеті жоқ.

Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, баланың туу туралы куәлігі немесе туу туралы акт жазбасынан үзінді көшірме, азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама, неке қию немесе бұзу туралы куәлік, қамқоршылықты растайтын құжаттар, асырап алу туралы мәліметтер, тұрғылықты жері мен банк шоты туралы ақпарат мемлекеттік цифрлық жүйелерден автоматты түрде алынады.

Шетелде берілген баланың туу туралы куәлігі Қазақстанда танылуы үшін оған апостиль қойылуы немесе заңдастырылуы қажет. Егер Қазақстан ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше тәртіп көзделсе, бұл талап қолданылмайды.

Егер қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы расталса, бала туу туралы куәлікті, неке туралы құжаттарды, қамқоршылық немесе асырап алу туралы мәліметтерді және банк шоты туралы ақпаратты қосымша ұсыну талап етілмейді.

Сондай-ақ баланың тууын тіркеу кезінде азаматтың таңдауы бойынша "Бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау" қызметі "бір өтініш" қағидаты бойынша көрсетіледі.

Көпбалалы отбасыға жәрдемақы тағайындау кезінде де баланың туу туралы куәлігі, неке туралы құжаттар, қамқоршылық немесе асырап алу жөніндегі құжаттар, күндізгі бөлімде оқитынын растайтын анықтама және банк шоты туралы мәліметтер ақпараттық жүйелер арқылы расталса, қағаз түрінде талап етілмейді.

Марапатталған аналарға арналған жәрдемақыны алу үшін өтініш Мемлекеттік корпорация немесе портал арқылы беріледі. Бұл ретте мемлекеттік қызмет талаптарына сәйкес қажетті құжаттар қоса тапсырылады.

Өтініш берушінің жеке басына қатысты деректер, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталғаны, бұрын "Батыр ана" атағын алғаны немесе I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталғаны туралы мәліметтер, тұрғылықты жері мен банк шоты жөніндегі ақпарат мемлекеттік цифрлық жүйелерден автоматты түрде алынады.

Егер бұл мәліметтер ақпараттық жүйелерде расталса, марапат туралы құжаттар мен банк шоты туралы анықтамаларды ұсынудың қажеті жоқ.

Құжаттар тапсырылғаннан кейін Мемлекеттік корпорация қызметкері өтініш берушінің қатысуымен жеке деректерді өңдеуге және мемлекеттік ақпараттық жүйелерден мәліметтер алуға жазбаша келісім алады.

Қажетті мәліметтер мемлекеттік органдардан электронды түрде алынған жағдайда өтініш иесіне құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі. Құжаттардың түпнұсқалары сканерленіп, электронды көшірмелері электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған соң иесіне қайтарылады.

Егер сұратылған мәліметтер мемлекеттік органдардан түспесе немесе өтініш берушіге осыған дейін дәл осы жәрдемақы тағайындалғаны анықталса, өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.

Портал немесе екінші деңгейлі банктердің цифрлық сервистері арқылы өтініш берген жағдайда қажетті мәліметтерді мемлекеттік жүйелерден алу сұрауын өтініш берушінің өзі жолдайды және кейін өтінішті өзінің ЭЦҚ-сымен растайды.

Толық құжаттар топтамасы ұсынылғаннан кейін өтініш электрондық журналда тіркеледі. Портал мен банктердің цифрлық платформалары арқылы түскен өтініштер де осы журналға енгізіледі.

Жәрдемақы тағайындау туралы өтініш тіркелген күннен бастап, ал қосымша мәліметтер кейін расталған жағдайда сол күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қаралады.

Шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге жәрдемақының тағайындалғаны немесе тағайындалмағаны туралы хабарлама жеке тапсырылады немесе SMS арқылы жіберіледі.

Сонымен қатар, азаматтың жәрдемақы алуға құқығы туындаған кезде "Е-макет" автоматтандырылған цифрлық жүйесі ұялы телефон нөмірі порталға тіркелген болса, жәрдемақы тағайындау мүмкіндігі туралы хабарлама жібереді.

Екінші деңгейлі банктердің цифрлық сервистері арқылы да жәрдемақы рәсімдеуге болады. Бұл жағдайда қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынып, өтініш ЭЦҚ арқылы расталады.

Бұдан бөлек, келесі жағдайларда жәрдемақы төлеу тоқтатылады:

  • алушының банк шотында үш ай немесе одан да көп уақыт бойы қаржылық операциялар болмаған кезде;
  • жәрдемақы алушының із-түзсіз жоғалғаны анықталса;
  • алушы мен асырауындағы адамдардың Қазақстаннан тұрақты тұруға көшіп кеткені белгілі болса;
  • шетелдік, азаматтығы жоқ адам немесе қандас мәртебесін растайтын құжаттың мерзімі аяқталса;
  • алушы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатса;
  • толық мемлекеттік қамқорлықтағы стационарлық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрса;
  • алушының немесе асырауындағы адамның қайтыс болғаны анықталса;
  • студенттің күндізгі бөлімде оқымайтыны немесе академиялық демалысқа шыққаны белгілі болса;
  • көпбалалы отбасына төленетін жәрдемақы кезінде бала 18 жасқа толса.

Жәрдемақы тағайындалған электронды істердің макеттері уәкілетті органның цифрлық жүйесінде тұрақты түрде сақталады.

Сондай-ақ құжатқа басқа да түзетулер енгізілген.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!