Қазақстанда бала құқығын қорғайтын кейс-менеджер лауазымы енгізіледі

21:57, 5 ақпан 2026

© Сурет: Орталық коммуникациялар қызметі

Қазақстанның қорғаншылық және қамқоршылық органдарында әр баланы жеке қолдау мақсатында кейс-менеджер лауазымы пайда болады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді. Кейс-менеджерлер қорғаншылық органдарының қызметкерлері арасынан тағайындалады, деп жазды Kazinform.

"Әрбір баланы жеке қолдау үшін қорғаншылық және қамқоршылық органдарында кейс-менеджер лауазымы енгізіледі. Педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтарға жаңа талаптар қойылып, олар жыл сайын оқытудан өтеді. Сонымен қатар, осы сала мамандарын даярлау үшін жыл сайын 200 білім беру гранты бөлінеді", – деді Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Жаңа мамандық иелері түрлі мемлекеттік құрылымдар арасындағы негізгі байланыстырушы буын болмақ.

Олардың негізгі міндеттеріне мыналар жатады:

  • Білім беру, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары мен психологиялық қызметтердің жұмысын үйлестіру;
  • Әр балаға арналған жеке көмек жоспарын құру және оны іске асыру;
  • Балаға медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық қолдау көрсетуді ұйымдастыру.

Вице-министрдің айтуынша, бұл реформа кадр мәселесін де қамтиды. Мамандардың кәсіби деңгейін арттыру үшін арнайы білім беру гранттары қарастырылған. Ендігі кезекте әрбір қиын жағдайда қалған баланың тағдыры жеке бір маманның жіті бақылауында болады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!