Қазақстанда азық-түлік бағасы бір жылда 24%-ға қымбаттады

12:41, 9 желтоқсан 2022

Алматы. 9 желтоқсан. 7kun.kz – Биыл қарашада азық-түлік тауарлары бір айда 1,8%-ға, бір жылда 24,1%-ға қымбаттады, деп хабарлайды 7kun.kz Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Айлық динамикада Ұлытау облысында азық-түлік тауарлары бағасының ең жоғары айлық өсімі байқалды (2,4%). Антилидерлер үштігінде Астана мен Жамбыл облысы орналасты (әр өңірде 2,2%).

Жылдық динамикада Маңғыстау облысында өзге өңірлерге қарағанда бағаның ең жоғары өсуі тіркелді (+31,4%). Одан кейінгі орындарда Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласы бар (әр өңірде 25,8%). Ең төменгі жылдық өсім Шығыс Қазақстан облысында тіркелді (22,6%), деп жазады inbusiness.kz energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Жемістер мен көкөністер бір жылда 17,4%-ға қымбаттады. Жаңа піскен жемістер бағасы бір жылда 18,9%-ға, көкөністер 11%-ға өсті.

Банан бағасы келісі үшін 867 теңгеге (+45,8%), апельсин – 959 теңгеге (+26,2%), алма – 528 теңгеге (+11,3%), лимон – 1,2 мың теңгеге (+8,6%),  кептірілген өрік – 3,8 мың теңгеге (+65,4%) дейін қымбаттады.

Көкөністер арасында қияр бір жылда 30,8%-ға (келісі үшін 691 теңгеге дейн), пияз – 26,5%-ға (кг үшін 116 теңгеге дейін), қызанақ – 14,4%-ға (кг үшін 678 теңгеге дейін), картоп 9,9%-ға (кг үшін 155 теңгеге дейін) қымбаттады. Ал, қырыққабат (16,5%), сәбіз (4,6%) және қызылша (1,3%) бағасы арзандады.

Қараша айының қорытындысы бойынша сүт өнімдерінің бағасы бір жылда 30%-ға артты. Осылайша ішетін сүт 30,3%-ға, консервіленген сүт – 42,2%-ға, ашытылған сүт өнімдері 31,4%-ға қымбаттаған.

Пастерленген сүт бағасы да өзгеріске ұшырады: майлылығы 2,5% сүт – литрі үшін 331 теңгеден, 3,2%-4% сүт – литрі үшін 417 теңгеден сатылды. Бұдан бөлек қаймақ келісі үшін 1,7 мың теңгеден, айран литрі үшін 365 теңгеден, сүзбе келісі үшін 1,9 мың теңгеден, қатты ірімшік келісі үшін 4,4 мың теңгеден сатылды.

Ет пен ет өнімдерінің бағасы бір жылда 16,1%-ға өсті. Портал келтірген деректерге сәйкес,  сиыр етінің бір келісі орта есеппен алғанда 2,4 мың теңге, қой еті – 2,7 мың теңге, шошқа еті – 2,1 мың теңге, жылқы еті 3 мың теңгеден сатылған. Сонымен қатар тауық етінің бір келісі – 1,4 мың теңге, тауықтың сан еті – 1,2 мың теңге, қайнатылған шұжық – 2,6 мың теңге, жартылай ысталған шұжық – 3,1 мың теңге тұрды.

I санатты жұмыртқаның он данасының бағасы орта есеппен 468 теңге болды. Бұл былтырғыға қарағанда 20%-ға қымбат.

Нанның бағасы да бір жылда 19,3%-ға қымбаттаған. Жарма – 36,8%, макарон өнімдері – 42,2%, ұн бағасы 43,7%-ға өсті.

Жоғары сұрыпты ұннан дайындалған бидай нанының келісі 349 теңгеден, бірінші сұрыпты ұн 197 теңгеден, қара бидай нанының келісі 421 теңгеден сатылды. Жоғары сұрыпты бидай ұны келісіне 373 теңге, бірінші сұрып – 243 теңге, рожки – 552 теңге, вермишель – 561 теңге, кеспе – 1,1 мың теңгеден сатылды.

Сондай-ақ арпа бағасы 44,5%-ға (келісі үшін 368 теңге), қарақұмық – 38,2%-ға (кг үшін 718 теңге), сұлы – 37,5%-ға (келісі үшін 606 теңге), жарма – 37,1%-ға (кг үшін 450 теңге), күріш – 33,5%-ға (кг үшін 489 теңге), тары – 25,2%-ға (келісі үшін 470 теңге) қымбаттады.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!