Қазақстан 2027 жылдың өзінде электр энергиясының профицитіне шығады - министр

14:39, 28 шілде 2026
MKZ: 1558416

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2026 жылғы 28 шілдеде Үкімет отырысында Қазақстан ішкі электр энергиясына деген қажеттілікті қашан толық қамтамасыз етіп, электр энергиясының профицитіне шығатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Энергетика министрлігінің басшысы ұлттық жоба аясында 2029 жылға дейін елде жалпы қуаты 7,3 ГВт болатын жаңа электр энергиясын өндіру көздері іске қосылатынын айтты. Олардың жалпы құны 6,2 трлн теңгені құрайды. Министрдің сөзінше, бұл жобалар қолданыстағы қуаттарды алмастыруға бағытталған.

"Осылайша, ұлттық жоба аясында жаңа қуаттардың өсімі 6 484 МВт, ал қолданыстағы қуаттарды алмастыру көлемі 825 МВт болады. 2026 жылы ұлттық жоба аясында 2 418 МВт қуатты іске қосу жоспарланып отыр. 2027 жылы шамамен 825 МВт қуатты пайдалануға беру көзделген. Оның ішінде Жамбыл ГРЭС-інде қуаты 210 МВт болатын бес газ турбиналық қондырғыны және "МАЭК" ЖШС-де қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын іске қосу жоспарланған. Осы қуаттардың іске қосылуы 2027 жылдың басынан бастап экономиканың электр энергиясына деген барлық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал 2027 жылдың соңына қарай электр энергиясының профициті шамамен 1,3 млрд кВт/сағатты құрайды", – деді Ерлан Ақкенженов.

Сонымен қатар ол ұлттық жоба аясында 2028–2029 жылдары тағы 4 000 МВт-тан астам қуатты іске қосу жоспарланғанын атап өтті.

"Осылайша, 2029 жылы қажетті 20% резервтік қуатты ескере отырып, Қазақстанның энергетикалық жүйесінде тұрақты электр энергиясының профициті қамтамасыз етіледі. Бұл еліміздің экспорттық әлеуетін де арттыруға мүмкіндік береді. Ұлттық жоба аясында 2025 жылы Текелі энергетикалық кешенін жаңғырту бойынша жобалар сәтті жүзеге асырылып, екі кезеңде жалпы қуаты 36 МВт болатын үш газ турбиналық қондырғы салынды. Сонымен қатар, биыл Қызылорда облысында қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысы пайдалануға беріліп, Текелі энергетикалық кешенін жаңғыртудың үшінші кезеңі аясында 17 МВт қуат іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 2 161 МВт қуатты пайдалануға беру жоспарланып отыр", – деп жалғастырды Ерлан Ақкенженов.

Сондай-ақ министр өңірлерді сенімді жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін ұлттық жоба аясында 1,6 мың шақырым жылу желісін жаңғыртуға 1,3 трлн теңге, ал 77,5 мың шақырым электр желісін жаңғыртуға 2,7 трлн теңге қарастырылғанын айтты.

Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, бұл жұмыстардың нәтижесінде 2029 жылға қарай еліміздегі жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 52%-дан 42%-ға, ал электр желілерінің тозу деңгейі 74%-дан 45%-ға дейін төмендейді.

Бұған дейін Қазақстанда электр энергиясын өндіретін 27 нысан салынатындығын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!