Қазақстан ТМД елдері ішінде алғаш болып ДДСҰ-ның жоғары мәртебесіне ие болды

12:09, 23 сәуір 2026

© Сурет: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 23 сәуірде Тедрос Адханом Гебрейесус-пен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың баспасөз қызметі берген мәліметке сәйкес, тараптар Қазақстан мен ұйым арасындағы қазіргі ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашақ даму перспективаларын талқылады.

Мемлекет басшысы Ұйыммен ықпалдастықтың жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгеніне тоқталып, сондай-ақ еліміздің жаһандық бастамаларына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.

Кездесуде климат пен денсаулық сақтау бағытында бірлескен зерттеулер жүргізу, цифрлық трансформацияға арналған бастамаларды ілгерілету және денсаулық сақтау саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселелері қарастырылды.

Тедрос Адханом Гебрейесус Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты.

ДДҰ басшысы Қазақстанда жаңа Конституция қабылдау арқылы саяси реформалар мен экономикалық өрлеудің табысты іске асырылып жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, Ұйым Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейде экология мен су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін қолдайды.

Кездесу соңында Бас директор Мемлекет басшысына Ұйымның елімізге дәрілік заттардың айналымын реттеу саласын жетілдіру бойынша 3-ші деңгей берілгенін растайтын хатты табыстады. Бұл ұлттық бақылау жүйесінің сенімділігін көрсетеді.

Қазақстан мұндай дәрежеге ТМД елдері арасында бірінші, ал Еуропа аймағында төртінші болып қол жеткізген.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!