Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы өткізу пунктінің жұмыс уақыты ұзартылды

13:28, 22 шілде 2026
MKZ: 1557400

© Фото: primeminister.kz

Қырғызстан мен Қазақстан шекарасындағы "Қарқара-автожол" өткізу пунктінің жұмыс уақыты уақытша ұзартылды. Бұл туралы Zakon.kz сайтына Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметі хабарлады.

Мұндай шешім жазғы туристік маусым қызған шақта жолаушылар ағынының артуына байланысты қазақстандық тараппен бірлесіп қабылданған.

"2026 жылғы 21 шілде мен 31 тамыз аралығында өткізу пункті күн сайын Бішкек уақыты бойынша сағат 08:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейді", – делінген хабарламада.

Шекара қызметінің мәліметінше, жұмыс кестесінің ұзартылуы сұраныс жоғары кезеңде мемлекеттік шекараны кесіп өтетін азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Халықаралық "Қарқара-автожол" автомобиль өткізу пункті Ыстықкөл облысының Түп ауданында орналасқан және Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекара арқылы азаматтар мен көлік құралдарын өткізуге арналған.

Еске салайық, 2026 жылғы 10 шілдеде Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы екі өткізу пунктінің тәулік бойы жұмыс істейтіні белгілі болған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!